Құс тұмауынан зардап шеккендерге өтемақы толық көлемде төленді

Жарияланды
Жеке қосалқы шаруашылықтарына 94 470 бас үшін 295,3 млн. теңге төленді

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жоғарғы патогенді құс тұмауынан өлген құстар үшін өтемақыны толық төледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылдың тамыз және қыркүйек айларының басында еліміздің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясының кейбір аймақтарынан Қазақстан Республикасына тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерін алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеулер енгізген. Бірақ, ҚР АШМ тарапынан жасалған жедел шараларға қарамастан жоғарғы патогенді құс тұмауы еліміздің 8 облысының аумағына жабайы құстардың қоныс аудару жолдары арқылы тараған болатын.

Эпизоотияға қарсы іс-шаралардың аяқталуына және құстардың өлім-жітімінің жаңа жағдайларының тіркелмеуіне байланысты қазіргі уақытта осы өңірлерде карантин алынып тасталды.

Ауру ошақтарын оқшаулау және жою бойынша іс-шаралар барысында 1,9 млн. құс жойылды, олардың 97%-ы 4 құс фабрикасына тиесілі.

2020 жылдың желтоқсанында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-сі орташа айлық нарықтық құны бойынша індеттің кесірінен өлген құс иелеріне өтемақы төлеу жұмыстарын жүргізді.

Ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес тәркіленген және жойылған құстардың құнын өтеу «жоғарғы патогенді құс тұмауы» індетінен өлгенін растайтын құжаттар негізінде атқарылды. Олар болмаған жағдайда төлем жүргізілмейді.

Барлық ұсынылған құжаттар бойынша төлем толық көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарына 94 470 бас үшін 295,3 млн. теңге төленді. «Агроинтерптица» ЖШС 433 066 құс үшін 445,9 млн теңге төленді.

Бүгінгі таңда ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-де төленбеген қарыздары жоқ.
 

Сондай-ақ оқыңыз