Қазақстандағы жалғыз грампластинка музейінің негізін қалаушы Наум Шафер – 90 жаста

Жарияланды
Оның музей-үйінде 27 мың пластинка сақтаулы тұр

Белгілі мәдениет қайраткері, композитор, музыкатанушы, филолог, коллекционер Наум Шафер 2001 жылы грампластинка музейінің негізін қалады. Бұл – Павлодар облысының ғана емес, бүкіл елдің музыкалық мұрасына айналған құнды дүниелер.

Қазіргі кезде Шафердің музей-үйінде 27 мың пластинка бар. Оның 12 мыңы – патефондікі. Сонымен қатар, белгілі коллекционердің қорында лазерлік дискілер, магнитофонға арналған 1500 иіршік, ескі аудикассеталар, кітаптар, газет-журналдар бар. Мол мұраның ішінде қазақстандық белгілі композиторлардың өз дауыстарымен жазылған туындылары сақтаулы екенін ерекше атап өткен жөн. Мол мұраның қатарында Наум Шафердің ұстазы болған композитор Евгений Брусиловсикйдің шығармашаларына айрықша орын қарастырылған. 

Түптеп келгенде белгілі музыкатанушының қоры отбасылық қордағы 30 граммофондық пластинкадан басталды. Молдавияның Кишинев қаласында туған ол бала кезінен дәл осындай пластинкаларды тыңдауды ұнатқан екен. Еврей баласы классикалық музыканы сағаттап тыңдайтын еді. 

«Әкем Герш Шафер сталиндік кезеңде Свердлов облысына айдауға кетті. Ол кезде менің жасым 10-да еді. Мен, інім Лазер және анам Гита Лазаревна соғыс алдында Қазақстанға депортацияландық. Содан бері кең байтақ қазақ жері – менің Отаным. Депортацияланған тұста өзімізбен бірге ала келген ең басты құндылық – пластинкалар. Оларды сақтап қалу оңай болған жоқ. Десе де, көзімнің қарашығындай қарадым, бүгінгі күнге дейін сақтадым» дейді Наум Шафер. 

Композитор Ақмоладағы мектепті тәмамдаған соң Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Кандидаттық диссертация қорғап, бірнеше жоғары оқу орнында еңбек етті. Оқытушылық қызметімен қатар, коллекциясын толтыруды ұмыт қалдырған жоқ. 

«Еліміздің тәуелсіздік алуы бізге жаңа көкжиектерді ашып берді. Шетелдерге барып, құнды жәдігерлерді жинауға мүмкіндік берді», – деп сол кездерді еске алады коллекционер. 
Бүгінде Наум Шафер торқалы 90 жасқа толды. Өмірлік серігі – Наталья Михайловна екеуі еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінен жеткен құттықтауларды қабылдауда. Әлемнің бірде-бір еліндегі музейде жоқ раритетті пластинкаларды сақтап отырған ол өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болуын тілейді. «Менің жасыма жетіп, әр істі сүйіспеншілікпен атқаруларыңды тілеймін» деген жүрекжарды лебізін білдірді мерейтой иесі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз