Несие тарихына әсер ететін 10 жағдай

Жарияланды (жаңартылды )
Бұлардың кейбіріне бұрын-соңды мән бермеген болуыңыз да мүмкін

Кейде кредит алайын деп өтінім бергенде бетіңізді қайтарып жатады. Ондайда «басымда кредит жоқ, қара тізімде емеспін, айлығым жүріп тұр, неге бұлай болды?» деп басыңыз қатады. Негізі банктердің сіздің кредитіңізді мақұлдауына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Соның ішінде көпшілікке беймәлім он себепті тіздік.  

     Жалпы алғанда несие тарихы дегеніміз — аты айтып тұрғандай, сіздің банктермен бұрын-соңды байланысыңызды көрсететін құжат. Бұл жерде бәрі тайға таңба басқандай анық көрсетіліп тұрады: қай кезде, қай жерден, қандай көлемде несие алдыңыз? Қаншалықты «тәртіпті» қарыз алушы болдыңыз, қанша ай несиеңіз төленбей қалды, жалпы қарыңыздың көлемі қандай — осы сынды толық ақпарат болады. Әрі бұл несие тарихы барлық банк үшін бірдей базада орналасады. Яғни бір банктен кредит алып, оны қайтарудан қашқан болсаңыз, ол амалдарыңыздың бәрі өзге банктерге көрініп тұрады. Сөйтіп несие тарихыңызға бір үңіліп, қаржы мекемесі сізге қарыз беру-бермеу туралы шешім шығарады. Енді бір қарағанда аса маңызсыз көрінген ұсақ-түйек себептерге келсек. Кейде кредит бермей қалуға олар сеп болуы әбден мүмкін. Әйтсе де, әр банк әр түрлі шешім қабылдайды. 

     Бұрын мүлдем кредит алмасаңыз…

     Көпшілігі бұл себепке таңғалуы мүмкін. Өйткені «кредит алып, қарызға батқан адамнан қарағанда мұндай азаматқа берген жақсы емес пе?» деп ойлауыңыз ғажап емес. Десек те, мүлдем қарызы жоқ адам — инкогнито, яғни банк үшін беймәлім тұлға. Оның қаншалықты «адал» екені белгісіз.  Кез келген банк үшін кредит рәсімдеу салмақты шешім шығарумен тең. Яғни кейін ол төлемесе, оның соңынан біраз әбігерге түсу керек болады. Ал «үйренген жау атыспаққа жақсы». Сол үшін бұрын несие алғандармен жұмыс істегенді қолайлырақ көреді. Кейбірі несие тарихын жақсы бастау үшін кішігірім сомаға, тұрмыстық тауар алып жатады. Соны уақытыл төлеп, өзін жақсы клиент ретінде көрсетеді. Тағы бір амал: табысыңызды растау. Яғни жалақыңыздың мөлшері, жұмыс істейтін жеріңізден тұрақты түрде зейнетақы жарнасы төленіп тұратын болса бұл да сіздің сенімді адам екеніңізді білдіреді. 

Бірнеше банкке өтінім беру

Кейде клиент бірнеше банкке бір кезде өтінім тастайды. Сөйтіп қайсысы қабылдайды, қандай шарттар болады деп байқамақ болады. Әйтсе де, мұндай қулық жасамауға кеңес береміз. Себебі сіздің әр қадамыңыз жоғарыда атап өткеніміздей, кредит тарихына түседі. Сөйтіп жоқ жерден сенімсіз әрі күмәнді тұлғаға айналуыңыз әбден мүмкін. Бір кезде бірнеше банкке бас сұғуыңыз сіздің қаржылық жағдайыңыздың дәл қазір нашар екенін, қаражаттан қатты қысылып тұрғаныңызды білдіргендей көрінеді. Әрі шарттарды салыстыру үшін міндетті түрде өтінім берудің қажеті жоқ. Бар болғаны кеңес алып немесе онлайн-калькулятор көмегімен өзіңіз есептей аласыз, кредиттің мерзімін, жылдық сыйақысын, пайыздық мөлшерлемесін білсеңіз жетіп жатыр.  

Өтінім беріп, кредит рәсімдемеу

     Мысалы, бірнеше банкке өтінім тастадыңыз. Біреуі қабылдаған бойда соны рәсімдедіңіз де, қалғандарының растағанына қарамастан бас тарттыңыз делік.. Ал енді кредитке тасталған өтінімнен кейін өз еркіңізбен бас тартсаңыз, банк сіз туралы қандай ойда болады? Бұл жерде де күмәнді клиенттер қатарына қосылуыңыз мүмкін. Себебі бас тартқаныңыз туралы ақпарат бірден кредит тарихынан орын алады. Мәселе неде десеңіз, банк бұл ретте ресурсын жоғалтқаны үшін «ренжиді». Яғни сіздің қаншалықты төлей алатыныңызды, өзіңіз жайлы мәліметті, кредиттік рейтингті, қанша мерзімге қаншадан төлейтініңізді — бәрін есептеді. Сондықтан мұндай амалды көп қолдансаңыз, келесіде банктер сізбен байланысқаннан байланыспаған дұрыс деп, өтініміңізді бірден қайтарып тастауы мүмкін.  

Үлкен сомаға лимит қойылған несие картаңыз болса

     Бүгінде банктердің біразында кредит карталары бар. Яғни ішінде белгілі бір сома тұратын, қалаған кезіңізде сонымен төлем жасап, оны әр банк бекіткен жеке шарттарына сай пайызбен не бірнеше айға пайызсыз бөлеп төлейтін карта бар делік. Оны сіз мүлдем қолданбауыңыз да мүмкін. Алайда кредит картасы да — сондағы лимит қойылған сомаға тең несие. Ол сіздің мойныңызда тұрады. Мысалы, оны қолданбай жүріп, жаңа несиені рәсімдеген соң одан үлкен сома шешіп алмасыңызға кім кепіл? 

Біреу үшін кепіл болсаңыз

Мұнда да осыған дейінгі мысалға ұқсас жағдай. Дәл қазір сізде еш қарыз болмаса да, аяқ-асты біреуге кепіл болғаныңызға байланысты міндеттемелерді мойынға алуға тура келуі мүмкін. Банктер мұндай сәттерді де кейде ескереді. Сондықтан әлдекім үшін кепілгер боларда жақсылап ойланыңыз.  

Коммуналдық төлем бойынша қарыз

Несие тарихына қарыздың барлығы жазыла бермейді. Тек сотқа дейін барғаны көрініс табады. Мысалы сіздің атыңызға бұрын-соңды шағым түсіріліп, сот қараған болса, сіздің беделіңізге бұл әсер етеді. Себебі міндетіңізді орындамасаңыз, сіге шағым түсірген ұйым кредит тарихы бюросына қарыз екеніңіз туралы ақпарат жолдайды. Сөйтіп банктер сіз туралы жағымсыз ойға қалуы мүмкін.   

Микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыз

     Егер сіз микроқаржы ұйымынан қарыз алып, оны уақытында өтеген болсаңыз, сіздің тәртіпті екеніңізді білдіреді. Дегенмен, ақшадан қысылған болсаңыз, банкке емес, неге микроқаржы ұйымына бардыңыз? Міне, сол себеп күдік ұялатады. Әдетте, мұндай ұйымдардан жалақысына шамалы күн қалғанда немесе банктердің бермейтініне сенімді болғанда барып жатады. Осы сынды ойлармен банк сізді клиент ретінде көргісі келмеуі мүмкін. Негізі банктерден гөрі осы микроқаржы ұйымдарына қатысты түсініспеушілік жиі болады. Сондықтан екеудің біреуін таңдау керек болса, екінші деңгейлі банктер бір бас жоғары тұратынын ескеріңіз. 

Жеке мәліметтерді жиі өзгерту

     Адамның тұрақсыздығы қашан да жақсы емес. Ол да сіздің тұлғаңызға қатысты күдік тудырады. Ал банкке әр барған сайын, кредит рәсімдеген сайын жеке мәліметтеріңіз сұралады. Егер жиі-жиі өзгерте берсеңіз, күмәнданады. Әрине, жеке мәліметті өзгертпеу керек екен деп қайда қалғаны белгісіз баяғы нөміріңізді бермейсіз. Сонда да мәліметтерді шамадан тыс ауыстыра берсеңіз, «біртүрлі күдікті азамат екен» деп ойлап қалатыны рас.  

Кей нәрселерге мән бермегеннің салдары

     Адам болғасын кейде қателесіп жатамыз. Мысалы, кредитті толық төлеп тастадым деп арқаны кеңге салып жүрсіз делік. Сөйтсе, 1 теңгесі кем болып қалған болсын. Мұндайда сіздің қарыз жабылмаған болып қана қоймай, әр кешіктірген күніңіз үшін айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан әр төлем жасаған сайын, мейлі толық өтеген кезде, мейлі ай сайынғы төлем кезінде болсын жақсылап тексеріңіз. Кредитті жапқан соң міндетті түрде ол туралы анықтама алыңыз. 

Алаяқтардың амалы

Осы күнге дейін біреудің атынан әлдекімнің кредит рәсімдегенін кемі бір рет болсын естіген боларсыз. Мұндай жағдайда атыңыздан алынған кредит туралы төлем мерзімі жеткенше білмей жүре беруіңіз мүмкін.. Әдетте, полиция арқылы, банкке барып мәселенің анық-қанығын анықтауға болады. Бірақ кейде дәлелдеу қиынға соғып, ақыры сол қарыз мойныңызда қалады. Сондықтан құжатыңыздың, соның ішінде жеке мәліметтер анық көрінген суреттерді желіде жарияламаңыз. ЖСН, жеке куәлік нөмірін құпия ұстаңыз. Әрі бір жылда 1-2 рет болсын кредит тарихын тексеріп тұрыңыз.   

Сондай-ақ оқыңыз