Әйелдің қаржылық тәуелсіздігі туралы не ойлайсыз?

Жарияланды (жаңартылды )
Отбасында табысты тек күйеуінің тапқаны жөн бе — осы жайлы талқылаймыз

Бірден айтайық, ерлі-зайыптының арасына кірген есі кеткен болатын ойымыз жоқ. Дегенмен әйелдің қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болғанының жағымды тұсы жетерлік. Әрі бұл көпшілік ойлайтындай жанұяда ұрыс-керісті жиілетпей, керісінше берекені молайтуы әбден мүмкін. Ендеше, қаржылай тәуелсіздіктің қаншалықты маңызды екені туралы тоқталып өтейік. 

     Негізі тәуелсіздіктің бұл түрі жынысқа бөлінбесе керек. Өйткені әркімнің өз қалтасында ақшасының болғаны, ешкімнің көңіліне қарағыштамағаны тіпті жақсы. Сонымен бірге көмек сұраған адамға да қол ұшын беруге әркез даяр болғанға не жетсін?! Кейбірі «күйеуінің есебінен өмір сүрген керемет емес пе?» деуі мүмкін. Әлбетте, қаржылық тәуелсіздікті де, үйде ақшаны кімнің ұстайтынын да, басты асыраушысының рөлінде кімнің болатынын да екі адам ғана шешеді. 

     Мәселен, жасөспірім кезіңізде қолыңызда ақша болмады. Бірақ талғам қалыптаса бастаған кез. Сәйкесінше, өзіңіз алып, өзіңіз барғанды жақсы көре бастайсыз. Егер ата-анаңыздың түсінігі мол болса, олар сіздің таңдауыңызға құрметпен қарап, кеңеседі. Ал көп жағдайда, «бала ғой» деп бір сілтеуі мүмкін. Одан қала берді олардың талғамына сіздікі қарсы келсе, «кәмелетке келгенше не өзің отбасы құрғанша біздің айтқанымызбен жүресің» деп шығуы да ғажап емес. Біздің қоғамда ата-анасының айтқанымен жүретіндер көп. Алып берген киімін киіп, тамағын жеп, солардың таңдаған мамандығын, солар қалаған оқу орнында тәмамдайды. Әрине, бұл жерде бар мәселе — тәуелсіздіктің болмауында. Яғни қаржылық тұрғыдан ғана емес, жалпы таңдау жағынан да ерік сізде емес болды. Ал енді есейе келе, дәл осы жағдайдың қайталанғанын қаншалықты қалайсыз? Мысалы, ақша табатын күйеуіңіздің таңдауына ғана бас ұрып, өзіңіздің ішкі қалауыңызды өшіре берген жөн бе? 

     Біз неліктен әйелдің қаржылық тәуелсіздігі туралы басымырақ айтып отырмыз? Себебі қоғамда осы санаттағылардың тәуелді екені анық. Әрі қанша жерден қаласа да, оның тәуелсіздік алуы ер адамға қарағанда әлдеқайда қиынырақ. Бүгінде басшылық қызметтің, жалақысы жоғары жұмыстың басым көпшілігінде ер адамдар отырады. Соңғы кездері көтерілетін гендерлік мәселелердің арқасында бұл басымдық біртіндеп жойылып келе жатыр. Әйтсе де, әйел мен ердің арасында таңда тұрса, екіншісінің жолы болуы ықтимал. Ал енді неге әйелді жұмысқа алуға келгенде сұрақ туындайды, білесіз бе? Бұл жерде гендерлік таптаурындарды бөлек қойғанда, жынысына байланысты туатын міндеттемелер ескеріледі. Яғни қыз-келіншектердің тұрмыс құруы, бала тууы, одан кейін бала күтімімен декретте отыруы сынды мәселелер бар. Ал жұмыс беруші көбіне тұрақтылықты жақсы көреді. Әрі әлдекімді жұмысқа аларда оның бұл орыннан жылдам «секіріп» кету-кетпеуі мүмкін екенін де есепке алады.   

     Заң бойынша, бала күтіміне байланысты ер адамның да дәл әйел секілді декретке шығуына құқығы бар. Дегенмен елімізде декреттік демалыс алатын ер кісілерді сирек кездестіреміз. Өйткені көп жағдайда әйел шығады. Бұл дегеніміз, декретке шыққан соң ол бір жыл көлемінде айлығының 40 пайызын ғана құрайтын жәрдемақы алады. Одан кейін жұмысқа шықпаса, тіпті табыстан айырылады. Жұмыссыз әйел кісілердің жағдайы тіпті басқа. Оларға берілетін жәрдемақы тіпті мардымсыз. Баланың қажеттіліктерін толық демек түгілі жартылай өтеуге де жетпеуі мүмкін. Ол аз болғандай, жұмысынан уақытша демалыс алған әйел ел ішіндегі бейресми «декреттен декретке» бағдарламасы аясында біраз жылға отырып қалып жатады. Мұны да ескеру керек. Міне, қаржылық тәуелділік осы сәтте ерекше байқалады.  

  Дәстүрлі түсінік бойынша ер адам — басты асыраушы, әйел — шаңырақтың берекесін сақтаушы. Десек те, нарық заманында әрі ұлттық валютаның құнсызданғанның үстіне әлсіреп жатқан шағында бір ер адамның мойнына «мініп» отыру оңай болғанымен, отбасында түрлі түсініспеушілік пен ұрыс-керіс туындатуы мүмкін. Себебі ер адам бірнеше жұмысқа жегіліп, соның өзінде тапқаны жыртығын жамамауы мүмкін. Біздегі тағы бір таптаурын — әйелдің ерден көп таппағаны жөн дейтін түсінік. Әрине, бұл ретте әр отбасы жеке талқылау арқылы шеше алады. Дегенмен «илегеніміз— бір терінің пұшпағы» деген ұранмен өмір сүретіндер үшін бұл аса мәселе болмаса керек.   

     Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда жиі көтеріледі. Ұрып-соғуға шыдаудың бір себебі ретінде осы экономикалық тәуелділік болуы әбден мүмкін. Себебі жылдар бойы күйеуіне алақан жайып келген әйел өздігімен ақша табу туралы ойлауға батпайды. Соған байланысты шыдап жүре беруге келіседі. Мұны бір жағы экономикалық зорлық десек болатын шығар. «Асырап жатырмын, артық сөйлеме» деп даусы өктем шығуы да ғажап емес. Сондықтан отбасында баланс сақталуы үшін екі жақтың да қаражат тауып, бірлесіп берекені молайтқаны жақсы шығар. Осы нұсқаны да әу басында, отбасы құрғанда келісіп алған жөн.  

     Айтпақшы, ерлер әйелдерге қарағанда аз өмір сүреді. Статистика солай дейді. Мұның бір себебі ретінде иығына артылған ауыр жүк, отбасын асырау міндетіне байланысты туатын күйзеліс айтылады. Яғни ақшаның жетпеуі, шаршау, әйел мен бала-шаға тарапынан жасалатын түрлі сұрау мен талаптар түрлі дерттің бастауы болуы мүмкін. Яғни қаржылық тәуелсіздікке екі тарап қол жеткізсе, отбасында стресс азаяды дейді мамандар. 

     Өзіңіз салыстырып көріңіз. Бір бастан, екеу жақсы. Демек, бір жерден табыс түскеннен екі жерден түсіп тұрғаны — нұр үстіне нұр. Әрі өзі ақша тапқан әйелдің өзіне көңіл бөле бастайтыны тағы бар. Қалауына қарай зат алуға қымсынбайды. Өйткені көп жағдайда, әйел адам бірінші отбасына «болсын» дейді. Сөйтіп өзіне келгенде үнемдеп, шектей береді. Үйде отырған әйел жұмыссыз деп есептелгенімен, оның үй шаруасы кеңседегі 8 сағаттан әлдеқайда қиын. Тіпті ел ішінде мынадай қалжың-шыны аралас әңгіме бар. «Кеңседегі жұмыстың аяқталатын кезі бар. Ал үй шаруасындағы әйелдің ісі бітпейді. Істегені көрінбейді, істемегені бірден көзге ұрады. Сөйте тұра ол жұмыссыз саналады. Ал күнде істейтін тірлігіне ақы алмайды. Сәйкесінше, демалыс та жоқ» дейді.  

     Сондықтан бір үйде бір адамның ғана табыс тапқанынан екі жақтап тапқан тіпті жақсы болуы мүмкін. Ол үшін бастысы екеуара келісімнің болуы ғана маңызды. Яғни кімнің табысы қандай шығынға кетеді, жинаққа қанша қаражаттан салып отырасыздар деген секілді тақырыптарды кеңінен талдап, талқылап алған жөн болады. Өйткені алдын-ала басын ашып алмасаңыздар, күйеуіңіздің тарапынан «ақыры табыс тауып жатыр екенсің, төлей сал» деген әңгіме естуіңіз ғажап емес. Сондықтан заманға бейімделіп, стереотиптердің құрбаны болмай, ересек адамдарша шешуге кеңес береміз.     
        

 

Сондай-ақ оқыңыз