«Болашақ» бағдарламасы туралы маңызды сұрақтарға жауап
Қазақстандық жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беріп отырған «Болашақ» бағдарламасына деген қызығушылық жыл санап артып келе жатыр. Аталған халықаралық бағдарлама грантын жеңіп алған азаматтар әлемнің беделді жоғары оқу орнында білім алып, сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік алады. Бағдарламаға орай әркез тың сұрақтар туындайды. Осы орайда халықаралық жобаға қатысты туындаған ең маңызды сұрақтардың жауабын жариялағанды жөн көрдік.
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарын ақпараттық қолдайтын қандай арналар бар?
Стипендиаттардың сұрақтары мен өтініштеріне тиімді әрі жедел әрекет ету мақсатында Bolashaq Students Support Telegram каналы жұмыс істейді. Сондай-ақ сұрақтар туындаған жағдайда стипендиат мына телефондар арқылы: +7(7172) 76 90 70 – Ұлыбритания және Кұрлықтық Еуропа елдеріндегі оқуды ұйымдастыру басқармасына; +7 (7172) 24 93 71 – Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхит елдерінде оқуды ұйымдастыру басқармасына хабарласа алады. Айта кету керек, стипендиаттарға ыңғайлы болу үшін барлық жұмыс телефон қоңыраулары кураторлардың ұялы нөмірлеріне жіберіледі. Сонымен қатар, стипендиаттар өздерінің өтініштерін Халықаралық бағдарламалар орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына жолдай алады: Олар Facebook-те Bolashaq Presidential Scholarship және Instagram парақшасында Bolashaq.cip атауларымен белгілі.
Пандемияға байланысты қандай елдер студенттерге виза беруді тоқтатты?
2021 жылдың 28 қаңтарындағы жағдай бойынша Австралия, ҚХР, Швейцария, Оңтүстік Корея мен Жапонияда оқу үшін студенттік визаларды беру тоқтатылды.
ҚР аумағында қашықтан оқыту форматындағы стипендия мөлшері қандай және оны кім белгілейді?
Қазақстанға оралып, күндізгі қашықтан оқыту форматында оқуын жалғастырған студенттердің шәкіртақысы 280 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру шығыстарының нормалары білім және ғылым министрлігінің №163 Бұйрығымен бекітілген.
Шетелде коронавирус жұқтырған жағдайда студенттер үшін медициналық сақтандыру бар ма?
Университет ұсынатын медициналық сақтандыру және шет елдердің денсаулық сақтау жүйелеріне сәйкес коронавирусты емдеу қызметтері қарастырылған.
Оқуды қандай бағдарламалар (білім деңгейлері) негізінде игеруге болады?
«Болашақ» бағдарламасы бойынша ұсынылатын білім деңгейлері:
• Жоғары арнайы білім;
• Бакалавр дәрежесі;
• Магистр дәрежесі;
• Доктор дәрежесі;
• Медициналық мамандық бойынша ғылым кандидаты дәрежесі;
• Клиникалық ординатурада оқу;
• Ғылыми тәжірибеден өту.
Қазақстандық ЖОО түлегінің «Болашақ» арқылы шетелдік оқу орнында бакалавр дәрежесін меңгеруіне бола ма?
Жоқ. Бакалавр дәрежесін алу үшін «Болашақ» стипендиясына тек алғаш рет жоғары білім алып жатқан тұлға ғана құжат тапсыра алады. Яғни, олар – қазақстандық немесе шетелдік ЖОО-дағы 1,2 курс студенттері, сондай-ақ сонымен қатар жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтар мен зертханалардың тізіміне енгізілген шетелдік университеттегі академиялық оқуға өз бетімен түскен азаматтар.
«Болашаққа» бұрын тапсырып, бірақ өте алмаған үміткерлер конкурсқа қайтадан қатыса ала ма?
Иә, қатыса алады.
ЖОО-лардың әлемдік рейтингімен қай жерден танысуға болады?
Университеттердің халықаралық рейтингін арнайы рейтинг агенттіктерінің сайтынан табуға болады: The Times High Education Supplement – www.topuniversities.com; Shanghai Jiao Tong University – www.arwu.org.
«Болашақ» бойынша жетекші ЖОО-лардың филиалдарында білім алуға бола ма?
Бағдарлама ережесі бойынша шетелдік университеттің бас корпусында білім алу қажет. Ел аумағынан тыс орналасқан филиалда оқуға рұқсат етілмеген.
«Мен бакалавриатты аяқтадым. Магистратурада оқу жалғастырғым келеді. Қай елде – АҚШ, Ұлыбритания және Австралия, қай университетте оқыған дұрыс?»
Бұл жағдай әрбір адамның кейінгі өмір жолына тікелей әсер ететіндіктен оқитын ел мен оқу орнын дұрыс таңдау өте маңызды. АҚШ-та, Ұлыбританияда да, Австралияда да өздерінің жетекші оқу орындары бар. Университет таңдау кезінде оқу орнының рейтингіне мән беру маңызды. Өз саласында абырой-беделі жоғары университетті таңдаған дұрыс. Сосын кейбір студенттер үшін климат, салт-дәстүр, ұлттық асхана факторлары да ерекше рөл ойнайды. Онымен де санасу қажет. Сондай-ақ Австралия мен Ұлыбританияда магистратура бойынша 1 жыл ғана оқыса, АҚШ-та оқу 2 жылға созылады.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін мүлікті кепілден шешу үшін қандай құжаттарды тапсыру қажет?
Мүлікті кепілден алу үшін келесідей құжаттар қажет болады:
• «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентінің атына жазылған өтініш;
• Еңбек кітапшасының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
• Оқу бітіргеннен кейінгі жұмыс кезеңіне зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы қорынан үзінді көшірме;
• Соңғы жұмыс орнынан алған анықтама түпнұсқасы.
Бакалавриатта білім алғаннан кейін магистратурада оқуды жалғастыруға бола ма?
Жоқ. Болмайды. Сіз Қазақстанға қайта оралып, шетелде алған біліміңізбен тиісті мерзімде жұмыс істейсіз. Содан кейін ғана магистратураға құжат тапсыруға болады.
Оқуды аяқтағаннан кейін шетелде қалып жұмыс істеуге бола ма?
Болады, алайда тек Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық органдарында ғана.
«Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен студент мәселен ел аумағында (АҚШ ішінде) университет ауыстыра ала ма?
Ауысуға болады. Ол үшін стипендиат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентінің атына университет ауыстыруының себебін айтып өтініш жазуы қажет. Сонымен қатар, стипендия иесі ауысатын университеттен сөзсіз шақыру қағазын тіркеу қажет, және құжаттарды тапсыру бойынша барлық шығындарды өзі көтереді.Сондай-ақ ресми ақпарат көздерінен университет рейтингісін басып шығаруға болады. Стипендиаттың қазіргі оқу үлгерімі де маңызды. Барлық құжаттар тапсырылғаннан кейін жұмыс тобы өтінішті қарап, осы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдайды.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша Чехияға оқуға түстім. Бірақ АҚШ-тағы өзге оқу орнына ауысқым келеді. Бұл қаншалықты мүмкін?»
Бір елден бір елге ауысу үшін барғыңыз келетін елдегі университеттің тікелей шақыртуы керек. Сондай-ақ сіз таңдап отырған университет жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кіруі тиіс.
Қазіргі таңда «Болашақ» грантын жеңіп алған 558 стипендиат офлайн білім алып жатыр. елде қалған 70 студент қашықтан білім алуда. Оқуды Қазақстанға келіп жалғастырып жатқан студенттерге тиісті стипендиясы беріліп жатыр.