Қазақстан Азия даму банкімен ынтымақтастықты жалғастырады
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жаңадан тағайындалған Азия даму банкінің (АДБ) Елдік директоры Нариман Маннапбековті қабылдады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыртқы саяси ведомствосының басшысы сұхбаттасын Үкіметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеру аясындағы ағымдағы қызметі туралы хабардар етті.
АДБ өкілі ҚР Президенті жүргізіп отырған елдің қарқынды дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалардың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен АДБ-ның денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, шағын және орта бизнесті қолдау және басқа да экономиканың басым секторларындағы ынтымақтастығының әлеуеттерін талқылады.
Кездесу нәтижесі бойынша тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша өзара әрекеттесуді жалғастыруға уағдаласты.
Нариман Маннапбеков 1965 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Экономика саласында жоғары білімі бар. Өзбекстан Ұлттық банкі, Дүниежүзілік банкі, Өзбекстан Министрлер Кабинеті және Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Елдік директор болып тағайындалғанға дейін АДБ-ның Әзербайжандағы тұрақты өкілдігінің директоры болған.