Мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 695,1 мың адамды құрайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қайтымсыз анатомиялық кемістіктері бар мүгедектігі бар адамдарға қандай жағдайларда қайта куәландырудан өту және осы фактіні растау қажет болатыны туралы хабардар етеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес анатомиялық кемістіктер кезінде мүгедектік мерзімсіз белгіленеді (Орны толмайтын анатомиялық кемістіктердің тізбесі – Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына 5-қосымша).
Кейбір жағдайларда медициналық оңалтудан өту мақсатында мүгедектік неғұрлым ауыр топ (I және II топтар) бойынша, бірақ белгілі бір мерзімге белгіленеді.
Мысалы, аяқтың жіліншік деңгейіндегі ампутациясы кезінде мүгедектіктің III тобы мерзімсіз болады. Алайда, адам денсаулығының жай-күйін ауырлататын асқынулар (тұқылдағы жаралар, остеофиттер және т.б.) анықталған кезде медициналық оңалту іс-шараларын жүргізу үшін 6 ай не 1 жыл мерзімге мүгедектіктің II тобы белгіленеді.
Жүргізілген емдеу-оңалту іс-шараларынан кейін оң динамика кезінде мүгедектіктің III тобы мерзімсіз белгіленеді.
Айта кетейік, бүгінде мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 695,1 мың адамды құрайды, оның 72% – ына мүгедектік тобы мерзімсіз белгіленген.