Оңтүстіктен – Солтүстікке. Қоныс аударғандарға қолдау бар ма?

Жарияланды
Павлодар облысына көшкен отбасының оқиғасы

Жеңісгүл Құрманбек пен жолдасы Жұмажан 2019 жылдың қазан айында оңтүстік өңірден Шарбақты ауданының Шегірен ауылына көшіп келген. Бұл ауылда Қытайдан, оңтүстік облыстардан қоныс аударған 20-ға жуық отбасы тұрады.  

Жеңісгүл теріскейге табан тірей сала «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болды. Оған қоса, 4 млн теңге көлемінде несие ресімдеп, бұл сомаға 20 ірі қара, өз қаржысына 50 қой сатып алды. 

«Шегірен ауылына қоныс аударғанымызға ризамыз. Жергілікті билік балалардың мектепке орналасуына, біздің жеке кәсіп бастауымызға көп көмек көрсетті. Тұрғындар да жылы шыраймен қарсы алды. Қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысып отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 400 гектардан аса жер, трактор алып, малдың қысқы азығын өзіміз дайындап алдық», – дейді Жеңісгүл Құрманбек. 

Одан бөлек, қоныс аударушылар шағын  кірпіш  цехын ашып, ауылдағы ағайынның тапсырыстары бойынша қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта тағы бір кәсіптің көзін таппақ.  

IMG-20210125-WA0012.jpg

«Жолдасым Жұмажан –  киіз  жасау  шебері. Мен де қолөнерден құр алақан емеспін. Сондықтан алдағы уақытта ұлттық бұйымдар әзірлеп, сатылымға шығарсақ деген ой бар», – дейді кәсіпкер. 

Алматылықтар Павлодарды таңдайды

 Шарбақты ауданының азаматы атанған Жеңісгүл Құрманбек – «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы. Осы бағдарламаның бір бағыты жұмыс күші көп өңір тұрғындарын солтүстікке көшіруді көздейді. Өткен жылы бұл мүмкіндікті оңтүстік өңірлерде тұрған 1546 адам мен 555 қандас пайдаланды. Барлығы 452 отбасы павлодарлықтардың сапына қосылды. Еңбекке қабілетті 919 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың басым бөлігі – мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы саласының жұмысшылары. Оған қоса, 50-ден астам қоныс аударушы бизнес бастау үшін мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер алды. 

Солтүстікке бет алғандардың барлығы баспанамен де қамтылады. Былтыр 75 жаңа пәтерге қоныс аударушылар жайғасты. Биыл оларға тағы 232 пәтер беріледі. Үйлерді ай сайынғы жалдау ақысы – 10-12 мың теңге шамасында. Одан бөлек, ауылдық жерлерді таңдаған адамдар бар. Оларға да мемлекеттік қордағы үйлердің кілті табысталды. 

«Қаладағы үйлердің барлығында орталықтандырылған жылу, су, кәріз бен электр энергиясы желілері бар. Ауылдарда тұруды қалайтындар үшін де жағдай жасалады. Баспаналардың басым бөлігі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова. 

Осы жылы қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне берілетін субсидия көлемі екі есеге көбейіп отыр. Бұған дейін әр адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы берілсе, енді  70 АЕК ала алады. 

Биылға бөлінген квота бойынша Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 2600 адам мен 500 қандас келуі керек. Мамандарды айтуынша, бірінші кезекте Алматы, одан кейін Түркістан облысының тұрғындары Павлодарда тұруды құп көреді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз