Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден көш бастап тұр
Еуразиялық экономикалық комиссияның деректері бойынша 2020-жылы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсу қарқыны бойынша ЕАЭО-да көшбасшы болды, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
«Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика департаменті Еуразиялық экономикалық одақта 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру туралы жедел ақпарат ұсынды. Ақпаратта айтылғандай, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында барлық санаттағы шаруашылықтарда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 114,4 млрд АҚШ долларын құрады және 2019 жылғы қаңтар-желтоқсан айларымен салыстырғанда 2,3%-ға артты», – делінген.
Ең үлкен өсім Қазақстан (5,6%-ға) мен Беларусияда (4,9%-ға) байқалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жалпы бір жыл ішінде Қазақстанда 15,2 млрд АҚШ долларын құраса, Беларусияда 9,3 млрд АҚШ долларына жетті.
Ал, Ресейде 84,9 млрд АҚШ доллары болса, Арменияда 1,7 млрд АҚШ долларына теңесіп өндіріс көлемі екі елде де 1,5%-ға артты. Қырғызстанда өндіріс 1,1%-ға ұлғайып, 3,2 млрд АҚШ долларын құрады.