Ресурстар

Алматыда биыл 10 спорт нысаны салынады

Оның 6 - уы жергілікті бюджет есебінен

Алматыда биыл 10 спорт нысаны салынады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру кездесуі барысында Медеу ауданының тұрғыны спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесін қозғады.

     «Біз қазір кешенді бағдармалар жасадық, яғни бұл – спорт кешендерін салу. Биылдың өзінде бюджеттің есебінен алты спорт кешені салынады. Бұдан бөлек жеке кәсіпкерлер де кешендер соғып жатыр. Екінші, ашық алаңдар жасалынуда. Біз осы ашық алаңда балаларды спортпен шұғылдандыру үшін тәжірибелі жаттықтырушыларды шақырып жатырмыз», – деді Бақытжан Сағынтаев. 

Жалпы биыл 10 спорт нысанының құрылысы жоспарлануда, оның 6 – уы жергілікті бюджет есебінен. Бұл 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, оның ішінде қала шетінде Жетісу ауданының Айнабұлақ-2, Кемел, Құлагер ш. а., Медеу ауданының Алатау шағын ауданында, Түрксіб ауданындағы Жас Қанат. Сондай-ақ, Алатау ауданында жабық және ашық корттары бар теннис орталығының құрылысы жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталды, аяқталу мерзімі — 2021 жыл.

Сонымен қатар, биыл орта мектептердің 52 стадионын жаңарту жоспарланған.

Балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды арттыру үшін мектеп спорты Федерациясымен бірлесіп қала мектептерінде спорт клубтарын ашу жұмыстары жүргізілуде. «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплині кешенінің 2-ші кезегінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, «Жаңа Алматы» бағдарламасына сәйкес спорт секцияларын кеңейту жұмыстары жүргізілуде, оның басымдықтары Наурызбай, Алатау, Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындары үшін спорттың қолжетімділігі болып табылады.

Атап өтетіні, ағымдағы жылы қала балаларын спортпен, мәдениетпен және мектептен тыс қосымша білім берумен жаппай қамту үшін 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, ол Алматы қаласының білім, спорт, мәдениет, қоғамдық даму, қоғамдық денсаулық сақтау Басқармаларының бірлескен шаралар қабылдауын көздейді.