Соңғы күндері желіде ең қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі — Clubhouse. Жаңа әлеуметтік желіге бір кіргендер шыға алмай жатса, енді бірі соған тіркелу үшін IPhone алуды жоспарлап жүр. Себебі әзірге бұл желі тек iOs жүйесінде ғана бар. Әлем бойынша айтар болсақ, Ресей президентін әңгімелесуге шақырған Илон Маск туралы, өз елімізде шақыртуды сатып жатқандар мен оқырман көбейту үшін 10 мың теңгеден ойнатып жатқандарды сөз етуге болады. Ендеше, бәрінің аузында жүрген бұл желінің нендей сиқыры бар? Қандай қаупі жайлы дабыл қағылып жатыр? Осы жайлы түсіндірме жасап кеткенді жөн көріп отырмыз.
«Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады» дейді…
Алдымен, Clubhouse жайлы қысқаша. Мұны құдды ақсүйектерге арналған желі десек болады. Себебі екінің бірі орнатқан бойда пайдаланып кете алмайды. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, Windows, Andriod операциялық жүйелерінде бұл әлі шыққан жоқ. Сонымен бірге, сізде қолданушылар тарапынан жіберілген арнайы шақырту болмаса, кіре алмайсыз. Құдды кинодағы party десек болатындай. Айналдырған санаулы аптаның ішінде аталған желінің қолданушылары еселеп артты. Топ-чартта да топ жарып бірінші орында орналасты. Осылайша WhatsApp пен Telegram-ды ығыстырды.
Бұл желінің ерекшелігі — бәрі аудиомен. Яғни еркін сөйлесіп отыра бересіз. Көпшілігін қызықтырған тұсы да сол — арнайы ашылған «бөлмеде» өзіңіздің кумиріңізбен тілдесуге мүмкіндік бар. Илон Маск, Марк Цукерберг, Канье Уэст және Джаред Лето сынды танымал тұлғалар жиі кіріп, сөйлесіп отырады. Әрі белгілі бір тақырып бекітіп, соның аясында сұхбаттасу трендке айналды. Әсіресе, фанаттарға бұл желі қатты ұнады. Себебі кумирін көзбе-көз көріп отырғандай әсер қалдырады. Ал егер қол көтергеніңізде сізді эфирге шығарса, тіпті жақсы. Бұған дейінгі желілерде пікір жазғаныңызбен, оған жауап қайтпау ықтималы жоғары болатын. Немесе сөзін подкастан тыңдап, видеодан бейнесін көргеніңізбен бірдеңе жетіспейтіндей әсер қалдыратын. Ал мұнда бәрі басқаша. Тіпті пікірлес, одақтастар табуға да таптырмас орын.
Clubhouse-та қандай қызық бар?
Мобайл қосымшаны жүктеген соң, сізге бір қолданушының шақырту жіберуі керек. Шақырылған қонақтар ғана қабылданады. Осының өзін «бизнеске» айналдырып жатқандар бар. Мысалы, Olx-те түрлі бағада толып тұр. Бірі 3 мың теңге деп бекітсе, енді бірі 25 мың теңгеге бағалаған. «Менен шақырту сатып алып,өзіңізге берілетін екеуін сатып, ақшаңызды ақтап алуға болады» делінген хабарландыру мәтінінің мәні. Мұндағы сөйлесетін жер room деп аталады. Яғни бөлмеге кіріп алып, әңгіме соғасыздар. Ұйымдастырушылар арасында біреуі модераторлық етеді де, әңгімеге қосып не алып тастап отырады. Яғни аудитория мынадай болып бөлінеді: модератор, спикер және тыңдарман. Спикерлер микрофонын қосып, кезек-кезек сөйлейді. Ал тыңдаушылар қол көтеріп, модератор рұқсатымен ғана әңгімеге қосыла алады. Әдетте, бөлме ашылған кезде белгілі бір тақырып ұсынылады.
Мысалы, белгілі әнші Айқын Төлепберген қазақшаға аударылған «Хәрри Поттер» кітабы туралы ойын айтып, сынға алған кезде редакторлар мен аудармашылар дереу осы тақырып бойынша талқы жасап, оқырманмен тілдесті. Тақырып — неліктен «Гарри емес, Хәрри деп аударылды». Былай қарасаңыз, өте ұтымды желі. Қалаған адам қосылып, тыңдайды. Одан бөлек, ағылшын тілін үйрену, кәсіпкерлік, желідегі имиджді қалыптастыру, SMM, футбол не өзге де спорт түрлеріне қатысты тақырыптар жиі қозғалып жүр.
Сонымен бірге ойын форматында өткізетіндер де бар. «Что? Где? Когда?» сияқты ойындардың жанданған түрін ойнауға арналған бөлмелер көзіңізге жиі шалынуы мүмкін. Әсіресе, Қазнетте блогерлер, кәсіпкерлер, журналистер тобы белсенді. Айтпақшы, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан бірнеше фейк аккаунт тіркелген. Желі қолданушылары шын мәнінде тіркелген-тіркелмегенін анықтауға асық болды. Көп ұзамай, Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли «презизденттің Clubhouse желісінде тіркелмегенін ресми түрде мәлімдеймін» деп жазба жариялады. Қош, мемлекет басшысының бөлме ашып отыруға уақыты жоқ шығар. Осы ретте бұл желіге қатысты бірқатар мем жарияланып кеткенін де атап өту керек. Әсіресе, Илон Маск Путинді желіге шақырғанын айтайық. Дегенмен Ресей президенті де тіркелмеді.
Қауіпсіздік қандай деңгейде? Қытай неге бұғаттады?
Ал енді қауіпсіздік мәселесіне келсек, кез келген желіге қатысты осы сауал туындайды. Clubhouse та айналып өтпен жоқ. Ақпанның ортасында америкалық Stanford Internet Observatory (SIO) сарапшылары қолданба құрастырушылары қытайлық Agora компаниясының технологиясын қолданғанын анықтаған еді. Яғни қолданушылар туралы ақпараттар шифрленбеген түрде қытайлық ұйымға жолданып отырған. Яғни мәліметтің дені Қытай үкіметіне қолды болуы әбден мүмкін. Осы дабылдан соң, Clubhouse өкілдері қосымша шифр қосатындарын мәлімдеді.
Айтпақшы, қытайлар демекші, бұл желі Қытайда да трендте бола бастаған еді. Дегенмен араға көп уақыт салмай, ел аумағында бұғатталды. Тіпті сол аз уақыттың ішінде айтылмаған, айтуға тыйым салынған тақырыптар талқыланып үлгерді деседі. Мәселен, «Шыңжаңда концлагерьлер шынында бар ма?» деген талқы болған. 12 сағатқа созылған әңгіме кезінде мұсылман-ұйғырлар қытайлықтарға оқиғаларын айтқан. Ол бөлмеге 5 мың адам кірген. Тыйым салынған тақырыптың шеті осылайша шығып қалды. Бірақ артынша, желі бұғатталды.
Болашағы бар ма?
Әлбетте, болашақта бұл қарқынның қаншалықты сақталары белгісіз. Дегенмен тың формат екенін мойындау керек. Әйтсе де, көпшілік «уақыттың қалай өткенін байқамай қалады екенсің» деп жатыр. Сондықтан осы кері әсерінің бұл желіден кей қолданушылардың бас тартуына себеп болуы мүмкін. Әрі тек таңдаулы адамдар ғана қосыла алатыны да көпшілікке майдай жаққан сияқты. Яғни өзінің аталған желіде бар екенін білдіру мақтаныш іспеттес. Бір кемшілігі — бөлме жабылған соң жазбаның сақталмайтыны. Яғни белгілі бір адамдардың талқысы өтіп жатқанын білген бойда кіріп қарамасаңыз, кейін онда не айтылғанын біле алмайсыз. Сол жағынан келгенде сәл ыңғайсыз деседі.