Ресурстар

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 400 баспана заңсыз берілген

Депутаттар әлеуметтік тұрғын үйлердің кімге беріліп жатқанын тексеру керек дейді

Соңғы үш жылда елімізде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында  шенеуніктердің 400-ден аса  тұрғын үйді заңсыз бергені анықталған. Сондықтан әлеуметтік баспананы кімге және қалай беріліп жатқанын текеру керек. Бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған «Ақ жол» партиясының депутаттары осылай деп мәлімдеді. 

Халықтың әлеуметтік осал топтарын, көп балалы отбасыларды, мемлекеттік қызметкерлерді және басқа да санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бірнеше бағыт бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, бекітті.

         «Алайда, көріп отырғанымыздай, шенеуніктер өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға «өз адамдарын» заңсыз кезекке қояды. Сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үйге мұқтаж емес адамдарға басымдық бере отырып, мемлекеттік тұрғын үйді бөледі. Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде үш мыңнан астам азамат мұқтаж адамдар тізіміне енгізілді. Осылайша мүгедектер, көпбалалы отбасылар және жұмыс істейтін жастар сияқты шынымен мұқтаж адамдардың құқықтарына нұқсан келтірді»,– дейді депутаттар. 

 Мәселен, соңғы үш жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдаоламасы аясында  шенеуніктердің 400 тұрғын үйді заңсыз бергені анықталған. Атап айтқанда Қарағанды (128), Маңғыстау (53), Батыс Қазақстан (38), Түркістан (35), Павлодар (30) облыстарында, Алматы қаласында (23), Шығыс Қазақстан (21), Жамбыл (14), Ақмола (11), Солтүстік (2), Қостанай облыстарында (11), Шымкент (11), Нұр-Сұлтан (1), Алматы (15) қаласының шенеуніктері баспананы тамыр-таныстық арқылы берген.

       «Тұрғын үй қатынастары туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 71-бабының 5-тармағына сәйкес аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімдеріне, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қоюдың және кезектіліктің электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізеді.

         Алайда, қалалар мен облыстардың әкімдіктері Заңның бұл талабын орындамайды, үйге мұқтаж 13 000-нан астам азамат әлі күнге тізімде тұр: Шығыс Қазақстан – 4091, Қарағанды – 2540, Батыс Қазақстан – 1781, Маңғыстау – 1606, Павлодар – 1294, Нұр-Сұлтан қаласы – 351, Қызылорда – 348, Алматы қаласы – 254, Ақмола – 244, Солтүстік Қазақстан-64, Қостанай – 51, Алматы – 18, Шымкент қаласы – 7. Сондай-ақ, 13 өңірдің әкімдіктері Заңның 74-бабының ережелерінде белгіленген тұрғын үй беру кезектілігін, оның ішінде жетім балаларға тұрғын үй беру санының нормативі бойынша бұзушылықтарға жол берді»  – деліген депутаттық сауалда. 

Осыған байланысты  депуттаттар мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан осындай фактілерге жол бермеу үшін мынадай шаралар қабылдау қажет дейді:
         – осындай фактілерді анықтау үшін соңғы 5 жылда жергілікті атқарушы органдар берген әлеуметтік тұрғын үйге мұқият тексеру жүргізу, заңсыз берілгені анықталған жағдайда тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтарға тұрғын үйді беру бойынша шұғыл шаралар қабылдау;
         – мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алу үшін кезекке заңсыз тұру фактілерін анықтау бойынша тексеру жүргізу, бұзушылықтар анықталған жағдайда мұндай тұлғаларды алып тастау бойынша шаралар қабылдау.