Е. Әлібеков:Су тасқыны жағдайы бақылауда, қажетті күштер мен құралдар дайын тұр

Жарияланды
Өткен жылы Алматыда 30 шақырым арық желісі салынды

Алматы қаласының су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков атқарылған жұмыстар мен алдын алу мен салдарын жою жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

 «Су тасқыны жағдайы бақылауда, қажетті күштер мен құралдар дайын тұр»,- деді Ерлан Әлібеков.

Таулы аймақта қазіргі уақытта қардың биіктігі 19-58 см (Үлкен Алматы көлі) құрайды. Жауған жауын-шашынның жалпы мөлшері (2020 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 20 ақпанына дейін) 98 мм құрайды (норма 237 мм), ылғал қоры 42 мм (норма 85 мм), ал қаладағы топырақтың қату тереңдігі 41 см құрайды, былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 см төмен (2020 — 52 см). Қала өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты.

Жалпы, қар төменгі таулы аймақта наурыз айына дейін, орташа таулы аймақта сәуір-мамыр айларына дейін, ал жоғарғы таулы аймақта маусым айына дейін жауатын болады.

Наурыз айына берілген ауа райының болжамына сәйкес осы айдағы орташа ауа температурасы +4,4С болады, бұл нормадан 1С жоғары (норма: +3,4С). Жауын-шашынның мөлшері нормаға сай болады деп күтілуде (норма: 76 мм).

Өткен жылы қалада 30 шақырым арық желісі салынған болатын.

Биылғы жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында 5 ақпанда Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті, онда қаланың барлық органдарына тиісті шараларды атқаруға тапсырмалар берілді.

Былтырғы жылдың күзінде су тасқынына дайындық барысында 400 шақырым арық желісі мен 10 шақырым өзен арналары қоқыстардан тазартылды.

Биылғы жылы қыс басталғалы бері 987 шақырым арық желісі мен 30 шақырым өзен арналары тазартылды. Көшелер мен аулалардан 110 мың текшеметр қар шығарылды.

Алматы аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары жаңартылды.

Сондай-ақ оқыңыз