Президент мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдетуді тапсырды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Осылайша азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Бұл жоба биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуын және көліктерге мініп-түсуін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.
«Іс жүзінде жүріп тұруы қиын азаматтардың өздігінен үйден шыға алмай қалатын кездері болады. Бұл жерде олардың қандай да бір нысанға баруы және оның ішінде өздігінен жүріп тұруы туралы айтудың өзі артық. Мұндай күрделі әрі қолайсыз жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қажетті нысандарға қиындықсыз жетуін қамтамасыз ету үшін «табалдырықтан табалдырыққа» қағидаты бойынша жұмыс істейтін нақты нормативтік-құқықтық актілерді тез арада қабылдау қажет. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар Қажетті нысандардың тізімін немесе картасын әзірлеуі тиіс. Аталған тізімде барынша қажетті ұйымдар, олардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мекемелер болғаны жөн. Соның негізінде әкімдер аталған нысандарды талаптарға толық сәйкестендіруі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғауға қатысты Үкімет, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері әзірлеп жатқан Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарының маңыздылығын атап өтті.