Ресурстар

Тоқаев аудан әкімдерін сайлауды 2024 жылы өткізуді ұсынды

Құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды    

Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталып жатыр. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. 

Қазір біз кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындалып жатырмыз.

Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айлары арасында өтеді.

Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни, 800 жуық елді-мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ.  

Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады деп айта аламыз. Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз.

Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы.

Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін.

Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.