Ресурстар

Азаматтарға арналған үкімет өзінің кадр резервін жасақтайды

Өтініштерді қабылдау 2021 жылғы 1 наурызда басталады

Азаматтарға арналған үкімет өзінің кадр резервін жасақтайды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл туралы фейсбук парақшасында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов хабарлады. Дарындылар пулына (кадр резервіне) қатысуға өтініштерді қабылдау 2021 жылғы 1 наурызда басталады. 

      «Министр Бағдат Мусин өз парақшасында кадрлық резерв туралы айтқан болатын. Біз дарындылар пулын – болашақта кәсіпқой мамандардан құралған мықты команда жасақтауды жоспарлап отырмыз. Оған тек біздің қызметкерлер ғана емес, кез келген азамат қатысып, өтінім бере алады», – деп жазды Әділ Қожықов.

Жобаға жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар қатыса алады. Үміткерлер үшін ғылыми дәреженің болуы резервке алу барысында артықшылық болып есептеледі. Тіркеу және онлайн іріктеу talent.gov4c.kz сайтында 1 наурыздан бастап жүргізіледі. 

Жобаға қатысушылар іріктеудің үш кезеңінен өтеді. Алғашқы екеуінде үміткерлер логикалық тестілеу мен ҚР заңдарының білімі бойынша тест тапсырады. Қорытынды кезеңде мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінен, HR сарапшыларынан және мемлекеттік корпорацияның басқарма мүшелерінен тұратын сарапшы кеңеспен әңгімелесу өтеді. Жоғары балл жинаған және әңгімелесу кезеңінен өткен үміткерлер кейіннен тиісті бос лауазымдарға тағайындау мақсатында кадр резервіне алынады.