Кентауда тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетілді
Кентау Ащысай тас жолының жабылуына байланысты тұрмысы төмен от басыларына көмек көрсетілді. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс аумағында ауа райының күрт өзгеріп, қалың қар түсіп, қатты жел соғуына байланысты, таулы аймақтарда автокөлік жолдары жабылуы жағдайлары орын алды.
Төтенше жағдайлар кезінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Автокөлік иелерінің назарына, ұзақ жолға шықпауларын қатаң ескерту» тақырыпта – «facebook» «instagram» «twitter» «watsapp» интернет желілеріне бейнетүсірілім арқылы дауылды ескерту жөнінде хабарландырулар жарияланды.
Хабарландыруларға қарамастан, автокөлік иелері немқұрайлық танытып, ұзақ жолға шығу кезінде дауыл кесірінен қар құрсауында қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Кентау қаласындағы №12 ӨСБ байланыс бекетіне ұзақ жолға шығу барысында жолда қалып қойған автокөлік иелерінен көмек сұрау мақсатында қоңыраулар келіп түсті. Хабарламалар бойынша Кентау қаласының төтенше жағдайлар бөлім қызметкерлері және № 12 ӨСБ жеке құрамымен жедел құтқару жұмыстарына қатысты.
Төтенше жағдайлардың салдарын жою мақсатында, автокөлік жолдарына қардан тазарту жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылы таулы аймақтарда орналасуына байланысты, арнайы техникалар көмегімен автомобиль жолдарын қардан тазарту барысында, қалын жауған қардың қатты жел соғу салдарынан қайта қарға толып, жабылу жағдайлары орын алды.
Ащысай ауылына баратын жолдар уақытша жабылуына байланысты, 28қаңтар 2021 жылы Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызмет өкілдері, Кентау қаласының Төтенше жағдайлар бөлім қызметкерлері және №12 ӨСБ жеке құрамымен бірлесіп, қолайсыз ауа-райы кезінде жол талғамайтын «Камаз» маркалы вахталық жүк көлігімен Ащысай ауылы тұрғындарын 40 отбасылық мүшеге арналған азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.