Инвестиция

Қазақстандық интернет-пайдаланушылардың тек үштен бірі онлайн сауда жасайды

Қазақстанның B2C электронды сауда рейтингі төмендеді

Қазақстан 2020 жылы  бизнес-тұтынушылық (B2C) электронды коммерция индексі тізімінде 152 елдің арасында  60-орынға ие болды. Бір жыл бұрын республика 56- орында тұрған еді. Рейтинг БҰҰ сауда және даму конференциясының (UNCTAD) сайтында жарияланған.

Қазақстанның  B2C электрондық коммерция индексі  – 68,2. Тізім көшбасшыларынан 27 ұпай артта қалып тұр. Еуропа елдерімен салыстырғанда республикада интернеті бар халықтың пайызы (87%), пошта сенімділігі индексі (64%), интернет-қауіпсіздік деңгейі (63%) төмен. Интернет пайдаланушылар арасында сауда-саттық жасайтындарының үлесі 28 пайыз болса, жалпы халықтың тек 24 пайызы қажет затын онлайн сатып алады. 

Сонымен қатар, Қазақстан бизнес-тұтынушылық интернет-сауда индексінде Қытай (55-орын), Украина (51-орын), Сауд Арабиясы (49-орын) сияқты елдерден бірнеше пункт қана артта  қалғанын атап өткен жөн.

 Дүние жүзіндегі  мемлекеттердің экономикалық жағдайында біраз айырмашылық болғандықтан,  UNCTAD сарапшылары рейтингті даму деңгейіне байланысты жасаған. Осылайша, өтпелі экономикасы бар мемлекеттер тізімінде Қазақстан 11 елдің ішінде 8-орынды иеленді. Экономикалық жағдайы ұқсас мемлекеттер арасында  Әзірбайжан, Босния және Герцеговинада электронды сауданың дамуы нашар. Бұл тізімдегі алғашқы үш орын Беларусь, Ресей және Сербияға бұйырған.

2020 жылы интернет-сауданы дамыту бойынша бірінші орынды Швейцария алса, 2019 жылғы көшбасшы – Нидерланды екінші орынге түскен. 

Рейтингтің алғашқы ондығында Еуропа елдері тұр: Дания, Ұлыбритания, Германия, Финляндия, Ирландия, Норвегия. Сингапур мен Гонконг та көшбасшылар қатарында. Ірі сауда державалары – Қытай мен АҚШ бұл рейтингтегі ТОП-ондыққа кірмеген. Өйткені әдістеме шеңберінде сауда  ауқымы емес, сапалық көрсеткіштері (интернетті пайдаланатын халық пайызы, пошталық сенім индексі, киберқауіпсіздік деңгейі және т.б.) ескерілді.

Айта кетейік,  PwC Kazakhstan мен Цифрлы Қазақстан қауымдастығының бірігіп жүргізген зерттеуі бойынша, 2020 жылы бөлшек электронды сауда нарығы көлемі 382 млрд теңге болған.  Алдыңғы жылғы көрсеткіш – 198 млрд теңге. Орташа чек құны да өскен (2019 – 18 пайыз; 2020 – 63 пайыз). Зерттеу мәлімдемесінде олар 2021 жыл одан да  табысты болуы мүмкін деп пайымдайды. Өйткені нарыққа жаңа ойыншылардың келетіні және биылғы табыс тапқан ойыншылардың сервисті жетілдіріп, ассортиментті кеңейтуі осы ойға жетелейді.