Қазақстандықтар енді базар аралап, дүкен жағалауды азайта ма? Елде онлайн-төлем саны күрт өсті

Жарияланды
Интернет сапасы да жақсарған

Соңғы уақытта ел азаматтарының жаппай онлайн сауда жасай бастауы ритейлерлер мен банктердің мобилді қосымшалары арқылы e-shopping-ті дамыта түсуіне ықпал еткен. 

2020 жылдың 9 айында қазақстандықтар интернет және мобилді телефон арқылы 21,3 трлн теңге төлем жасаған. Бұл туралы finprom.kz дерек келтіреді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе, ал бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 331 есе көп. 

Былтыр ел тұрғындарының қазақстандық және шетелдік карталармен төлем жасауы 69,9 пайыз болса, биыл ол көрсеткіш 81,4 пайызға жеткен. 2015 жылы ғана біздің азаматтар мұндай жетістікпен мақтана алмайтын. Бес жыл бұрын халықтың 9,9 пайызы ғана картамен төлем жасаған. 

Осыған сай соңғы уақытта түрлі қосымша мен сервистер және технологиялық шешімдер шығып жатыр. Speedtest Global Index мәліметінше, Қазақстандағы кең жолақты интернет жылдамдығы да жоғарылаған. Қазан айында еліміз 176 елдің ішінде 63-орын алды. Яғни, қыркүйек айымен салыстырғанда 4 сатыға, былтырмен салыстырғанда 6 сатыға өскен. Бұл орайда ең үздік көрсеткіш Сингапур, Гонконг, Румыния елдеріне тиесілі болса, ең төменгі көрсеткіш Түркіменстанда. 

QIWI Россия коммерциялық директоры Александр Агаков отандық Forbes.kz басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы онлайн-төлем нарығының дамуы туралы өзекті пікір білдіреді. 

«Қазақстан дәл қазіргі кезде терминалдардан онлайн-нарыққа өту трансформациясын бастан кешіруде. Коронавирус бұл процесті тіпті жылдамдатады. Әсіресе, сақтандыру, несие беру саласында онлайн-төлем саны өседі. Клиентпен жұмыс істейтін кез-келген сала жаңа интерфейстік шешімдерге ұмтылады. Көп уақыт төлемдерді секьюриттеуге және тұтынушылар мәліметін сақтауға жұмсалады. Қазақстан QR-код трендін тез меңгеріп алды. Сондықтан ел нарығында осы бағыттан үлкен мүмкіндіктер күтуге болады», –дейді сарапшы. 

PwC Kazakhstan консультациялық қызмет серіктесі Наталья Лим локдаун кезінде қалалардың жабылуы, әлеуметтік қашықтықтың орнауы электронды коммерцияның еселеп өсуіне әсер етті деп санайды. Оның айтуынша, бұдан былай адамдар сауда дүкеніне барып, тауар таңдауды да азайтады. Бәрі онлайн атқарылмақ. PwC Kazakhstan мен Цифрлы Қазақстан қауымдастығының бірігіп жүргізген зерттеуі бойынша, биыл бөлшек электронды сауда нарығы көлемі 382 млрд теңге болған. Былтырғы көрсеткіш – 198 млрд теңге. Орташа чек құны да өскен (2019 – 18 пайыз; 2020 – 63 пайыз). Зерттеу мәлімдемесінде олар 2021 жылдың биылдан да табысты болуы мүмкін екенін пайымдайды. Өйткені нарыққа жаңа ойыншылардың келетіні және биылғы табыс тапқан ойыншылардың сервисті жетілдіріп, ассортиментті кеңейтуі осы ойға жетелейді дейді олар. 
 

  

 

Сондай-ақ оқыңыз