Коммуналдық төлем аз шығуы үшін не істеу керек?

Жарияланды
Үнемдеудің жолдарын бөлісеміз

Соңғы кездері коммуналдық төлемдердің қымбаттап кеткеніне шағымданатындар көбейді. Ара-тұра әр аймақта шағын «дүмпулер» де болып тұрады. Әлбетте, бұл материал арқылы тарифтерді арзандатуға шамамыз келмейді. Бірақ әжептәуір үнемдеуге болатын әдістерді айтқымыз келіп отыр. Мұның бірқатарын білсеңіз, енді бірі бұрын-соңды мән бермеген жағдай болуы әбден мүмкін. Сондықтан пайдалы ақпаратты санаға сіңіруге дайын болыңыз, Ендеше, кеттік.  

Жылу изоляциясын тексеру керек

Бүгінде көп үйлерде ағаш жақтаудың орнын пластик шыныпакеттер алмастырды. Әлбетте, бұл әлдеқайда сенімдірек. Бірақ уақыт өте келе монтаждау үшін құйылған көбік кеуіп, нығыздаушы резеңкелер күстене бастайды. Сондықтан терезеден жел уілдемей ме, соны тексеріп көріңіз. Егер жел үрлеп, саңылау пайда болған болса, оны реттеу қажет. Әйтпесе, қыста сол жерден суық ұрып, үй жылымайды. Кіреберістегі есіктің де жылу изоляциясын тексерген артық болмайды. 

Үйдегі температураны реттеп отырыңыз

Алдыңғы кеңесте саңылауларды бітеу керегін айттық. Бекерден бекер даланыңсуығы үшін артық төлеп отырмауыңыз үшін бөліскен едік. Сол сияқты жұмысқа кетерде не ұзақ уақытқа бір жаққа жолға шығарда радиаторды баяулатып кеткен жөн. Ақыры ешкім болмайтын болса, ол бөлмені жылытып не керек? Келген соң өзіңіз қалаған температурға ауыстырып қоясыз. Бәлкім, білмейтін біреулер болса, жылу батареяларында радиатор болады. Соның жанында сандар көрсетілген. Әдетте, 1-5 аралығында болуы мүмкін. Сәйкесінше, бөлме қатты ыстық болып кетсе азайтып, салқындаса көбейтіп отыра аласыз. Үй «жанып» кетсе, алдымен батарея температурасын басып көрген жөн. Осылайша үнемдейсіз. Әдетте, көпшілігіміз терезені аша салғанды оңай көретініміз өтірік емес қой?

Көптарифті электрсанауыш орнатқан жөн

Көптарифті құрылғылар электр энергиясының төлемін тәуліктің мезгіліне байланысты құбылтып тұрады. Мысалы, күндізгі тариф түнгісінен қымбаттау. Соған сай, уақытқа байланысты өзгертіп тұратыны жақсы. Сол сияқты екеуінің арасындағы мезгілдер де болады. Яғни күндізгіге қарағанда сәл арзан, бірақ түнгіден сәл қымбат. Айталық, түнгі тариф басталған кезде, шамамен 23:00-ден кейін кір және ыдыс жууға арналған машиналарды қолданатын болсаңыз, едәуір үнемдеуіңіз мүмкін. Ұмытып кететін әдетіңіз бар болса, құрылғыларыңда уақытын белгілеп қоятын функция бар ма, анықтап көріңіз. Кейін старт қосылатын болса, соған реттеп қоюға болады. Әлбетте, қалалық жерде түнде тарсылдатып, шулауға болмайтынын ескеріңіз. Яғни кір жуғыш машинаңыз тым шулы дыбыстар шығаратын болса, өзгеге қолайсыздық тудырмаған абзал. Мұндай әдісті білетін бе едіңіз?   

Жарықшамды ауыстырыңыз

Бұл тәсіл арқылы жарыққа кететін шығынды үнемдеуге болатыны жайлы жиі жазылады. Бірақ іс жүзінде соны қолданатындар саны қанша екені белгісіз. Дегенмен басшылыққа алған жөн болады. Бағасы жағынан қалтаға ауырлық салғанымен, ол шығын өзін тез-ақ ақтайды. Өйткені жарықдиодты шамдар қарапайым шамдарға қарағанда 8-10 есе аз энергия тұтынады. Сонда өзіңіз есептей беріңіз. Әсіресе, үйіңізде жарық өшетін кез өте аз болса назар салуға тұратын кеңес деп ойлаймыз. 

Шығарда жарықты өшіруді әдетке айналдырыңыз

Бұрын аналарымыз «жарықты өшір де өшір», «төлейтін мен, сендердің нелерің кетеді?» деп ұрсатын еді. Сөйтсек, рас сөз екен. Коммуналдық төлемді төлейтін адам үнемдеуге жақын келеді. Өйткені бетпе-бетпе осы мәселемен кездесетін адам — өзі. Әсіресе, үйден шығарда жарықты қосулы қалдырмаңыз. Балаларыңыздың да кішкентайынан миына құйып өсіріңіз.  

Тұрмыстық техника таңдарда мұқият болыңыз

Қазіргі тұрмыстық техникалар энергияны тиімді тұтынуына қарай түрлі классқа бөлінеді. Жарнамасы да жарып тұрады. Егер бұрын-соңды мән бермеген болсаңыз, бекер олай етесіз. Себебі сіз үшін үнемдеуге таптырмас техника алған  дұрыс. Мысалы А класындағылар 50-80 пайыздан артық энерготиімді саналады. Бұдан кейінгі орында 25-50 пайыздық үлеспен В класы тұрады. С класындағы техникаларда тиімділік 10-25 пайыз болса, D класында — 0-10 пайыз. Бұлар жоғары энерготиімділік көрсететін кластар саналады. Е класындағылар — 0-10 пайызға, F класындағылар — 10-25 пайыз, G класындағылар 25 пайыздан төмен тиімділік көрсетеді. Алдыңғы төртеуіне қарағанда, соңғы үшеуін алмаған дұрыс. Өйткені тиімділік төмен болған сайын, сәйкесінше көбірек «жейді» деген сөз. Бағасына келсек, үнемді класс болған сайын қымбаттау болатыны заңдылық. Дегенмен бір алғанда бірден жақсысын, тиімдісін алған абзалырақ.  

Тоңазытқышты тексеріп тұрыңыз

Бұл да керек екен. Әсіресе, есігіндегі резеңке мен мұздатқыштағы мұзды қарап отырған жөн. Егер синтетикалық төсемелері тығыз жабылмай тұрса, ол дұрыс мұздатпайды деген сөз. Соның салдарынан азық-түлік бұзылып, электр энергиясы тектен-тек кетеді. Мұндай жағдайды болдырмас үшін арагідік тоңазытқышты тоқтан суырып тұрыңыз. Бұл тек тазалық үшін жасалмайды. Үнем үшін де қажет. 

Заттарды мұздатқыштан ертерек алып қоюға әдеттеніңіз

Қатып тұрған ет пен басқа да азық-түліктің ақша үнемдеуге қандай қатысы бар деп отырсыз ба? Ендеше, айтайық. Әдетте, мұздатқыштағы затты ертерек шығаруды құнттамағандықтан, қысқа толқынды пешке немесе электр/газ пешке салып, ерітіп аламыз. Ол болса, қосымша шығын. Елеусіз көрінгенімен, осындай ұсақ-түйекті де еске ұстаған артық болмайды. 

Тоқ пештерді ертерек өшіріп жүріңіз

Мысалы, тамақ пісірерде оны пеште қанша уақыт ұстайтынын есептейміз. Егер рецебі бойынша «жай отта 5-10 минут бұқтыру керек» деп тұрса, сонша уақыт қалғанда пешті өшіре беріңіз. Өйткені электр пештер жылуды ұзақ сақтайды. Пеш суып үлгергенше тамағыңыз да піседі. 

Ыдыстарды таңдағанда материалына мән беріңіз

Тез қызатын қазан-кастрөлдер алуға тырысыңыз. Физиканың заңдылығы бойынша, керамика, шыны және жез ыдыстар шойын және темір ыдысқа қарағанда тезірек қызады. Яғни табанеғұрлым тез қызса, соғұрлым аз энергия шығындалады деген сөз. Әлбетте, кей тамақтарды шойын табада пісірген дәмдірек. Бірақ дәміне сондай қатты әсер етпейтін болса, ыдыс таңдағанда материалына мән беріп жүрген жөн. Сонымен бірге, үйде екі-ақ болсаңыз, оған үлкен 3-5 литрлік қазан алып қажет емес. Адам санына қарай таңдаңыз. Көлемі үлкен болған сайын оның қызатын уақыты да ұзара беретінін білетін боларсыз.  

Шәйнекті толтыру міндет емес

Үйде аса шайқор адамдар жиналмаса, 2-3 кесемен шектелетіндер қатарынан болсаңыздар, онда шәйнек толы су қойып қажет емес. Мысалы, екі литрлік шәйнекке су толтырып қойса, кем дегенде 5 минут қайнату керек. Сәйкесінше, жартысы ғана керек болса, тезірек қайнатып аласыз деген сөз. Бір кесе су бір минуттан аз уақытта қайнайды. Демек, ондаған ватт үнемдейсіз. Сондай-ақ, пайдаланылмаған суды төгіп тастау да — ысырап. Ал қайта қайнату — денсаулыққа зиян. Тағы бір кеңес: су тез қайнауы үшін қақтан тазартып отыруды әдетке айналдырыңыз. 

Шаңсорғышыңызды тазалап жүріңіз

Шаңсорғыш әбден шаң-тозаңға толып қалса, демек тазартқанынан пайда болмайды. Бір сорғанда бірнеше рет өту қажет болуы мүмкін. Оның өзінде шаңды жинай алса. Сондықтан, демде шаңды жиып алуы үшін оның үнемі фильтрі тазаланып тұрғаны дұрыс. Сонда уақыт та, киловатт та шығын болмайды.  

Кір жуғыш машинаға қатысты ескертпе

Біз әдетте кір жуғанда бір режимді таңдай саламыз да, киімде қалай жуу керегі жазылған жерге мән бермейміз. Мысалы, суды 60 °С-қа дейін қыздырғанда 30 °С-пен жуғандағымен салыстырғанда төрт есе көп энергия шығындалады. Ал кейде ол киімді жуу үшін соншалықты жылы температура керек болмауы мүмкін. Үнемдеудің тағы бір түрі — сыққанда азырақ күшті таңдау. Мысалы 1200 емес, 600 не 800 әбден жеткілікті болуы ғажап емес. Әрине, киім сәл ылғалдау болады. Бірақ есесіне электр энергиясы үнемделеді.  

Суды ысырап қылмау

Былай қарағанда, бәріміз білетін сияқтымыз. Бірақ мән бермеуіміз мүмкін. Мысалы, тіс жуып жатып кран қосулы тұрады. Одан ағып жатқан су — сіздің ағып жатқан ақшаңызбен пара-пар. Ыдыс жуғанда да есте ұстаңыз. Бәлкім, үлкендеу ыдысқа салып, көбіктеп жуып алып барып, шайған дұрыс шығар.

Үйде тіркелген адамдарды тексеріңіз

Коммуналдық төлемнің кейбірінде адам басына төленеді. Мысалы, лифт қызметі, қоқыс шығару сынды түрлерінде үйде қанша адам тіркелсе, соншаға көбейтіледі. Басқа қалада тұрғанымен, үйіңізде тіркеуде тұрған тума-туыс, дос-жаранға жағдайды түсіндіріп, тіркеуден шығарған жөн. Соңғы кездері кей пәтер иелері өз үйінде бөгде адамдардың тіркелгенін байқап жатыр. Мұндай келеңсіздіктер болмас үшін ара-арасында тексеріп тұрған артық болмайды. Жалпы алғанда ай сайын коммуналдық төлем түбіртегі келгенде ондағы соманы мұқият шолып шығыңыз. Қазіргі тарифтерден де хабардар боп жүріңіз. Көңілде күдік туса, тиісті қызмет көрсететін компанияларға барып, есептетуден ұялмаңыз. Онда тұрған ештеңе жоқ.     

Сондай-ақ оқыңыз