Министрлердің ішінде ең көп тіл білетін полиглот кім? Бір тілді ғана еркін меңгергендер де бар ма? Ranking.kz сарапшылары осындай қызық тақырыпта зерттеу жасапты. Нәтижесін сіздермен бөліскенді жөн көріп отырмыз.
Бес тіл білетін екі министр бар
Елімізде қарапайым азаматтардың ішінде ана тілінен бөлек, орыс тілін еркін, ағылшын тілін кем дегенде нан табуға жететіндей деңгейде білетіндер саны көп. Дегенмен мемлекеттік тілді меңгеруде министрлердің де, өзге құрылым басшыларының да жағдайы мәз емес екенін жиі байқаймыз. Ендеше, қазіргі таңда қызметте жүрген 18 министрдің қанша тілде сайрай алатынын бірге білейік.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, бес тілді меңгерген екі министр оқ бойы озып шыққан. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ең полиглот басшылар екен. Бүгінде екі қызметті — Премьер-министрдің орынбасары және Сыртқы істер министрі лауазымын қатар атқарып жүрген Мұхтар Бескенұлы көш бастамағанда қайтсін?! Әр жылдары шет мемлекеттерде елшілік қызметте болған оның бес тіл білгені таңғаларлық жағдай емес. Мысалы, Израильде, Малайзияда, Индонезия, Бруней-Даруссаламдағы және Филиппин Республикасында, Швейцарияда, Лихтенштейн княздігіндегі, Ватикан мемлекетінде елші болған. Ал енді көш бастаған басшының қай тілдерді білетініне келсек, қазақ, орыс, ағылшын, кәріс және жапон тілдерін меңгерген.
Бес елдің тілін білетін тағы бір министріміз Нұрлан Байұзақұлы екенін атап өттік. Ол да кезінде дипломатиялық қызметте болған. Қазақстан Республикасының ҚХР, Вьетнам, КХДР, Сингапурдағы елшіліктерін басқарған. Ермекбаев білетін тілдерді тізіп шықсақ: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және португал.
Төрт тіл меңгерген министр — төртеу
Бұдан кейінгі орында төрт тіл меңгерген министрлер жайғасқан. Олардың саны да білетін тілінің санына сәйкес, төртеу екен. Біртіндеп таныстырып өтейік. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріне жүйрік деседі. 38 жастағы жас министр үшін 4 тіл аз ба, көп пе — оны өзіңіз бағамдаңыз. Келесі полиглот басшы — Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев. Нұрлан Асқарұлының жасы 54-те. Білетін тілі Бағдат Батырбекұлымен бірдей. Яғни ол да қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Еліміздің бірыңғай батыс аймақтарында әкім болған ол 2019 жылдың 18 желтоқсанында Энергетика министрлігіне басшы болып келген еді. Қазақстан аумағынан шықпай қызмет еткен министрге 4 тіл меңгергені үшін қошемет көрсетуге болатын сияқты. Ал еліміздегі ең жас министр, жақында ғана тағайындалған Әсет Ирғалиев те төрт тіл біледі екен. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілінде сөйлей алады. Ұлттық экономика министрлігінің тізгінін ұстаған Әсет Арманұлы Швеция, Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында оқыған. Биыл 18 қаңтарда ғана қызметке кіріскен. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілін білетін тағы бір министр — Мағзұм Мырзағалиев. Ол — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы. Сонымен төрт тіл білетін министрлер тізімі де тәмам.
«Стандарт пакет» немесе үш тіл білетіндер
Демек, енді үш тіл меңгергендерді жіктейміз деген сөз. Мұнша тіл білетін министр саны бесеу екен. Барлығының білетіні — қазақ, орыс, ағылшын тілдері. Атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Әділет министрі Марат Бекетаев және Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Тек қазақша және орысша сөйлейтіндер
Жалпы алғанда үш тіл меңгеруді қалыптасқан стандарт десек болатын шығар. Осыған дейін атап өткен 11 министр аталған қалыпқа сыйып тұр. Әйтсе де, стандартқа жетпей, екі тіл, тіпті бір ғана тіл білумен шектелген басшылар да бар. Оларды да атап өту керек. Қазақ және орыс тілін білетін министрлер қатарында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бар. Осы жеті министрдің бәрі де отандық жоғары оқу орындарында оқыған екен. Бәлкім, ағылшын тілін меңгермеуіне себеп сол да болған шығар.
Қазақша білмейтін кім?
Айтпақшы, біз дәл қазір жалпы саны 17 министрдің тіл білу деңгейін сарапқа салыппыз. Енді қалған біреуі кім болды дерсіз? Және неге қос тіл білетіндер қатарында жоқ? Сонда ол қазақша білмей ме, әлде орысша білмей ме? Көкейге көп сауал қалдырмай жауап берелік. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бір тілді ғана еркін меңгерген. Ол — орыс тілі. Мемлекеттік қызметке келгендерге мемлекеттік тілді білу талабы неге орындалмағаны белгісіз, бірақ ең аутсайдер министр Юрий Викторұлы болып отыр.
Қазақстанда ағылшын тілі деңгейі төмен
үгінде ел бойынша ағылшын тілін білу деңгейі көңіл көншітетін жағдайда емес. Оған дәлел ретінде 2020-2021 оқу жылында университеттерде білім алған тілдерінің үлесін келтірсек болады. Яғни былтырғы оқу жылының нәтижесі бойынша мемлекеттік тілде білім алатындар — 64,9 пайыз, орыс тілінде — 29,6 пайыз және ағылшын тілінде — 5,5 пайыз. Сондай-ақ, халықаралық рейтингтер нәтижесінде де Қазақстанның төмен деңгейде ағылшын тілін білетіні білініп отыр. Мәселен, ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қарай жасалған рейтингте аутсайдар-мемлекеттердің ондығына кіріппіз. Өзі 100 елдің ішінде 92-орында тұрмыз. Осылайша біздегі деңгейге «өте төмен» деген баға берілген. Бұған негізгі себеп ретінде білім беру саласындағы ағылшын тілін әлсіз үйрету, туристік саланың да нашар дамып жатқанын айтуға болады. Аталған рейтингте бізді басып озған елдердің ішінде Өзбекстан (88-орын), Сирия (87-орын), Әзірбайжан (86-орын), Ауғанстан (79-орын) және Моңғолия (78-орын) бар. Дамыған елдермен салыстырмай-ақ, деңгейлес кейде тіпті бізден де кенде дамыған елдердің нәтижесі осындай.