Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев ҚХР Коммерция вице-министрі Ван Шоувэнмен (Wang Shouwen) Қазақстан-Қытай «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін үйлестіру тетігінің 2-ші отырысына дайындық бойынша келіссөздер өткізді. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар қысқа мерзімде жергілікті деңгейде (яғни, ШҰАА мен Алматы облысы арасындағы жұмыс тетігі) жұмыс тетігінің жұмыс істеу арналары мен тәсілдерін талқылады.
Өз тарапынан Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстан мен Қытай Мемлекет басшыларының «Нұрлы жол» және «Бір белдеу – бір жол» бағдарламаларында қойылған міндеттерге сәйкес «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының Қазақстан-Қытай халықаралық орталығы бүкіл қайта жанданып келе жатқан Ұлы Жібек жолының маңызды нүктесіне айналғанын және бірегей әрі табысты мемлекетаралық жоба болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынастары серпінді және қарқынды сипатқа ие. 2020 жылы Қытаймен тауар айналымы 4% – ға өсіп, 15,4 млрд. АҚШ долларын құрды. Бұл ретте Қытайға экспорт 9 млрд. АҚШ долларын, импорт 6,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Қытай Қазақстанға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 4,7% – ын алып, Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді. 2005 – 2020 жылдар кезеңінде қытай инвестицияларының жалпы көлемі $19,2 млрд асты. Сонымен қатар Қытайға тікелей инвестициялардың жылыстауы $ 667,2 млн құрады. Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында $ 24,5 млрд – қа 56 заманауи кәсіпорын салу жоспарлануда, бұл нысандардың басым бөлігі 2023 жылға қарай аяқталады деп күтілуде», – деді Қайрат Төребаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Қорғас» ШЫХО Қазақстан аумағында жалпы сомасы 110,37 млрд.теңгеге 29 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша 24 инвестициялық компания өз қызметін жүзеге асыруда. Шамамен 30 000 ш.м. пайдалануға берілді, 1 жоба 100% – ға іске асырылды, 12 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, қалған жобалар жобалау сатысында.