Киімді алуын алып, бір киген соң ұнамай қалатын кездер сізде де бола ма? Ондайда оған кеткен ақша желмен ұшып кеткендей әсер қалдыратыны белгілі. Негізі киімге келгенде қаражатты ақылмен жұмсауға әбден болады. Біле білсеңіз, іздегенге тіпті сатып алмай, тегін алудың да жолдарыы бар. Әлдекімдер үшін шоппинг деген терапия екенін ескерсек, гардеробты жаңартып тұрғанды жақсы көретіндер қатарынан болсаңыз, мына материалдағы бірнеше кеңеске назар салыңыз. Бәлкім, кәдеге жарап қалар. Ендеше, кеттік.
Swap
Киім алуда үнем жасаудың ең қарапайым әдісінің бірі «своп» деп аталады. Мұны бұрын-соңды естіген бе едіңіз? Бұл термин бастапқыда активтермен алмасуға арналған қаржылық келісімнің анықтамасын білдіретін. Ал қазір сәл сипаты өзгерді деск болады. Өйткені күнделікті өмірде де қолданыла бастады. Жалпақ тілмен айтқанда, белгілі бір қатысушылардың басы қосылып, кеш ұйымдастырады. Ол жерге әркім қалауына қарай косметика, киім, аяқ-киім, сәндік бұйымдар әкеледі. Әлбетте, ол — өзіне қажет емес, лақтырғаннан гөрі әлдекімге пайдалы болуы мүмкін заттар. Мысалы, сіз қатты арықтап кеттіңіз делік. Ал көйлектеріңіз мүлдем жараспай қалды. Қоқысқа тастауға қимайсыз. Ондайда осындай своп кештерді қарастырып көріңіз. Интернет дамыған заманда табу қиынға соға қоймас. Қатысу кейде тегін, тегін аздаған ақыға белгіленуі мүмкін. Бұл іс-шараның мәні сол — әркім өзіне керек затпен қайтады. Мәселен, біреудің бижутериясы ұнап қалуы мүмкін дегендей. Айтпақшы, артық заттарыңыз көп болса, өзіңізді бастамашы боп ұйымдастыруға да болады.
Фримаркет
Келесі тәсіл де свопқа ұқсайды. Тек форматы сәл басқаша. Мұнда киім мен аяқ-киімнен бөлек басқа да заттар болады. Яғни тұрмысқа қажет кез келген тауарды таба аласыз. Мұны бір құдды жәрмеңке деп сипаттауға болады. Шетелде мұндай әдіс жақсы дамыған. Қатысушылар жап-жақсы заттарын әкеліп, орнына өзіне керек басқа затты әкетіп жатады.
Секонд-хендтер
Бұл енді көпшілікке таныс шығар. Атауы айтып тұрғандай, киімнің екінші қолға өтуі. Бір қарағанда, «біреудің киген киімін не істеймін?» деп қалуыңыз мүмкін. Әйтсе де, бұл дүкендерге тозған, жыртық-жыртық киімдер қабылданбайды. Ал жап-жаңа, киілмеген, тіпті қағазы жұлынбағандарын таа аласыз. Байқасаңыз, бренд киімдер де біраз табылып қалады. Ал бағасына келсек, өте арзан. Бізден бір кеңес: жаңадан тауар келердің алдында қалған киімдерді тез өткізу үшін 70-90 пайыздық жеңілдіктер болады. Әсіресе, үлкен өлшем киетіндер асықпай, соңынан алып кетсе, тіпті су тегін алғандай әсер болады.
Әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер тобы
Мұндай топтарда Адамдар жаңа заттарын ұсынып жатады. Көбіне түсі ұнамай, сыймай не тым үлкен болып қалған жағдайлар жиі кездеседі. Осылайша жап-жаңа тауарды дүкендегі бағасынан әлдеқайда арзанға ала аласыз.
Жеңілдіктер
Жеңілдіктер көбіне «бас айналдыратын» қасиетке ие. Дегенмен жақсылап ойланып, саралай алсаңыз, маркетологтардың қақпанынан да құрбан емес, жеңімпаз болып шығуға болады. Ендеше, жаңбырша жауған жеңілдік көре қалсаңыз, мына нәрселерге мән беріңіз:
• Маусымдық емес заттар. «Қыстың қамын жаз ойла» деп не үшін айтады дейсіз? Нағыз осындайға қатысты айтылса керек. Әрине, қыстық киімді жаздың ыстық күні таба алмауыңыз мүмкін. Бірақ наурыз-сәуірде бірнеше нұсқа жарқ етері сөзсіз. Келесі маусымға дейін бәрін тауысып тастау үшін барынша жеңілдік жасалғанды пайдаланып қалыңыз.
• Базалық заттар. Бәріне бірдей ортақ нұсқа болмаса да, өзіңіздің жыл сайын алатын киімдеріңіз бары анық. Мысалы, жұмысқа киюге арналған ақ түсті жейде, жазда киетін телпек дегендей. Егер осы заттар сіз алып жүрген бағадан әлдеқайда төмен жеңілдікпен тұрса, алып алыңыз. Өйткені бәрібір сатып алатыныңыз анық.
• Тозығы тез жететін киімдер. Бұл қатарға іш киімдер, шұлық, колготкаларды жатқызсақ болады. Тиімді бағада көріп қалсаңыз, ойланбастан сатып алыңыз. Олар енді артық болмасы анық.
Дүкендер жіберетін хабарламалар
Поштаңызды немесе мессенджеріңіздегі чатты толтырудан бөлек, кейде шынымен жап-жақсы жеңілдік ұсынып қалуы мүмкін. Сонымен қатар, сайтқа бірнеше рет кіріп, қоймастан қызығып қараған көйлегіңізді олар байқап қалып, жеңілдік ұсынып қалуы да мүмкін. Рас, қазір бәрі мүмкін. Оған қоса, поштаға келетін арнайы промокодтар, туған күнге арналған жеңілдіктер де бар. Бастысы, «басыңыз айналып», жеңілдік біткенді «жей» бермеңіз. Өз-өзіңізді басқара алмайтын әдетіңіз болса, дұрысы ондай хабарламалардың үнін өшіріп, келуіне тоқтау салу.
Дисконт карталар мен орталықтар
Мұндай жинақтық карталарды топ болып қолданған пайдалырақ. Яғни жиі киім алатын дүкеннің дисконт картасын алып, оны өзіңіз не достарыңыз сауда жасағанда енгізіп отыру керек. Сонда бәріне де тиімді болады. Айтпақшы, дисконт-орталықтар барын да ескеріңіз. Ол дегеніміз, өткен коллекцияның қалғанын апарып тастайтын жер. Яғни бағасы да төмен болады. Сән қуған адамдардың қатарынан болмасаңыз, қонымды киімдерді таба аласыз.
Киім жуғанда да ескеретін жайт жетерлік
Киімнің оңып, тозып кетуіне қандай температурадағы суда тұрғаны, қанша уақытқа салынғаны да әсер етеді. Білмеген болсаңыз, енді білесіз. Неғұрлым ұзақ жуылған сайын, киім соғұрлым тез тозады. Сондықтан, айтарлықтай кір болмаса, тез режимге қойып, бір айналдырып алса жеткілікті. Сонымен қатар, кір жуарда арнайы қаптарды қолданған артық болмайды. Олай дейтініміз, бір киімнің темір сымы кестелі не жұқа материалдарды бүлдіріп тастауы мүмкін. Сондықтан, оларды «қорғау» үшін қапқа салып қойған дұрыс болады. Келесі кеңес: сорттау. Киімдерді ақшыл не қаралау деп бөлмеңіз. Жуатын кезде түсінің шығу-шықпауы, материалына қарай сорттап салыңыз. Айталық, джинса материалмен бірге жібекті қатар жусаңыз, соңғысы бүлінеді. Ең маңыздысы, киімде жабыстырылған затбелгіге мән беру керек. Ол жерде кір жуғыш машинаға қандай режимде салу керек, қолмен ғана жуу қажет пе, үтіктегенде нені ескеру керек — бәрі жазылады. Осыларда есте ұстасаңыз болғаны.