Жеке куәлігіңізді ұмытып кетіп, оны өзіңіз білмей, сонша уақыт кезекте тұрғанда барып есіңізге түскен сәттер болды ма? Содан алмасыз кері қайтып, үйіңізден құжатты алып келген кездер де бастан өткен болар. Олай болса, ұмытшақ жандарға айтар сүйінші жаңалығымыз бар. Өміріңізді жеңілдетудің тағы бір жолы пайда болды. Яғни мемлекеттік қызмет аларда кей құжаттардың цифрлық нұсқасы да жарайды. Олар қандай құжаттар, қалай алуға болады — осы туралы айтып береміз.
Расында, қалтамда деп ойлаған төлқұжат он рет ақтарсаңыз да, табылмай қалып жатады. Мұндайда мобайл қолданбаның көмегіне жүгінсеңіз болады. Біле білсеңіз, eGov Mobile деген қолданба бар. Соны жүктеп алып, мобайл азаматтардың базасына тіркелуіңіз керек. Егер базада нөміріңіз сақталған болса, бірден іске кірісіп кетуге болады. Қолданбаға тіркеліп кірген соң, сізге біршама қызмет ашылады. Соның ішінде бүгін таныстырғалы отырған цифрлық құжаттар да бар.
Есіңізде болса, көлік жүргізушілеріне енді жүргізуші куәлігін алып жүру міндетті емес деген жаңалық тарады. Көпшілікке бұл ақпарат майдай жақты. Олай болмағанда ше, көлік иелері біршама жеңілдеп қалды. Бүгінде темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер жеке басын куәландыратын құжатты көрсетсе жеткілікті. Яғни жеке куәлік не болмаса төлқұжат жарайды. Әзірге бұл құжаттардың түпнұсқасын төс қалтада ұстауыңыз керек. Себебі цифрлық нұсқасын жол полициясына көрсетуге келмейді. Бірақ болашақта бұл тәсіл жетілдірілетін де болса керек.
Ал енді нақты қандай құжаттар мобайл қолданбада бар екеніне келсек. Біз осыған дейін айтқан eGov mobile қолданбасында мынадай құжаттардың электронды түрін ала аласыз:
• Жеке куәлік;
• Жүргізуші куәлігі
• Электронды техникалық төлқұжат
• Туу туралы куәлік
• Неке қию туралы куәлік
• Атын, фамилиясын немесе әкесінің атын ауыстырғаны туралы куәлік
• Некенің бұзылғаны туралы куәлік
• ПТР тестілердің нәтижесі
• Студенттік билет
• Білім алу туралы диплом
Аталған қолданбада қағаз түпнұсқадағы құжаттардың электронды түрлері сақталады. Оны үйде қалдырып кетсеңіз, үшінші бір адамға уақытша қолжетімді ететіндей аша аласыз. Бөлісу үшін eGov mobile қолданбасында «Цифрлық құжаттар» деген жерді басасыз. Қандай құжаттарыңыздың цифрлық нұсқасы базада болса, солар шығып тұрады. Ішінен өзіңізге қажетін таңдайсыз. Мысалы, жеке куәлік делік. Қазақстанның мемлекеттік органдарының сервисінен құжатыңыз автомат түрде жүктеліп, экранға шығады. Одан кейін «Қолжетімділікті ашу» деп тұрады. Соны басқанда сізге уақытша QR-код беріледі. Оны бес минуттың ішінде бөлісіп үлгеру керек. Бірақ уақытын 30 минутқа дейін созуға да болады. Әлгі құжатты қабылдаушы тарап қолданбаға авторизация жасап, бағана шыққан QR-кодты сканерлейді. Қолданба жүктеп, смартфонның экранына шығарып береді.
Бастысы, мобайл азаматтардың базасында болуыңыз шарт. Нөміріңізді тіркеу үшін eGov.kz порталына кіресіз. ЭЦҚ арқылы авторизация жасаңыз. Кейін жеке кабинетіңізде телефон нөмірді көрсетіңіз. Ақпараттарды өзгерту үшін қарындаш бнлгісін басып, телефон нөміріңізді енгізіңіз. Растап, ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз. Сонда нөміріңіз базаға қосылады.
Ал егер сізде ЭЦҚ болмаса, оны да онлайн демде алуға мүмкіндік бар. Ол үшін eGov.kz порталының басты бетінде «ЭЦҚ-ны қашықтан алу» қызметіне тапсырыс бересіз. Одан кейін сайттың оң жақ төменгі бұрышында тұрған Kenes «виртуал ассистентін» басыңыз. Қалаған тілді таңдаңыз. Ассистент панелінің төмнгі жағындағы белгішені басып, «Мобайл азаматтар базасына тіркелу» деп жазыңыз да, «видеоқоңырау» шалуыңыз керек.
Оператор видео қоңырауды қабылдаған соң, жеке куәлігіңізді көрсетіп, ЖСН, телефон нөміріңіз бен бір реттік кодты айтасыз. Байланыс кезінде операторға төлқұжаттың көшірмесін көрсетуге болмайды. Түпнұсқа ғана қабылданады. Оператордың нұсқаулығын жасаған соң, сізге ЭЦҚ беріледі.