«Алматы Жастары» бағдарламасына қалай қатысуға болады? Шарттары қандай?

Жарияланды
31 наурызға дейін өтініш беріп үлгеріңіз

Соңғы жылдары елімізде ерекше қарқын алып, біршама жастың баспаналы болуына мүмкіндік берген «Алматы Жастары» бағдарламасы қайта басталды. Бағдарламаға өтініш қабылдау 10 наурызда басталып, 31 наурызда аяқталады. 

Үміткерлер үшін қуанышты жаңалық – үйреншікті 13 миллионның орнына несие сомасы 18 миллион теңгеге дейін өзгертілген. 

Бағдарлама шарттары қиын емес. Ең негізгі міндеттер мен талаптарды назарларыңызға ұсынамыз: 

  1. Өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде almaty-zhastary.kz сайты арқылы Тұрғын үй басқармасынан жолдама алу керек; 
  2. Жолдаманы алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы Банк» АҚ-на несиелік өтінім беріп, төлем қабілеттілігіңізді растау керек; 
  3. 45 күнтізбелік күн ішінде Алматы қаласынан пәтер табу қажет;
  4. Баспананың бағалау құжатын жасау қажет; 

Сатып алу-сату шартын жасау үшін және банктен несие алу үшін 10 жұмыс күні беріледі. Бағдарлама шеңберінде алғашқы/қайталама нарықтардан пайдалануға берілген/ салынып жатқан нысандарда – үлестік қатысуға, Тұрғын Үй Құрылысына Кепілдік беру Қоры – кепілдігі болған жағдайда сатып алуға болады. 

Бағдарламаның 35 жасқа дейінгі немесе 35 жасқа толған жастарға арналған шарттары:

  • Бастапқы жарна -10 пайыз; 
  • Несиелеу мөлшерлемесі – 5 пайыз; 
  • Несие мерзімі   – 25 жылға дейін;
  • Несиенің ең максималды сомасы 18 млн теңге (егер жылжымайтын мүлік 18 млн теңгеден артық болса, асқан сомасын клиент өз қаражаты есебінен өтей алады);
  • Егер сізде БЗТ қаражаты болса, сіз оларды несие рәсімдеу үшін пайдалана аласыз;
  •  Алматы қаласының мемлекеттік ұйымдарында кемінде соңғы 6 ай қызмет ету керек және міндетті зейнетақы аударымдары болуы керек;
  •     Соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында жылжымайтын мүлік болмауы керек; 

Қай санаттағы азаматтар қатыса алады?

• Медицина қызметкерлері;

• Білім беру қызметкерлері;

• Мәдениет қызметкерлері;

• Спорт қызметкерлері;

• Жоғары оқу орны қызметкерлері;

• Әлеуметтік сала қызметкерлері;

• БАҚ қызметкерлері;

• Құқық қорғау органдарының қызметкерлері. 

«Назар аударатын жайт, қалалық бағдарлама биыл мүмкіндіктерін кеңейтті – несие сомасы 18 млн теңгеге дейін өсті және бағдарламаға қатысушылар санатына құқық қорғау органдарының қызметкерлері енді. Сонымен қатар, биыл қатысушылардан Алматы қаласында тұру талабы алынып тасталды. Бұрынғыдай өтініштер мен құжаттарды қабылдау процесі толықтай автоматтандырылған. Сайтта өтініш беру электронды цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Ал баллды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Тұрғын үй заемдарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін резервке енгізілген және қабылданбаған қатысушылардың тізімдері өтінім сайтында орналастырылады» делінген Алматы қаласы тұрғын үй басқармасының хабарламасында. 

Осыған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 2021 жылы «Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша 1000 пәтер берілетінін айтқан болатын. 

«Былтыр «Отбасы банкпен» бірлесіп 13 млрд теңге бөлдік. Қазіргі кезде қаламыздағы әртүрлі салада еңбек ететін 1000 адам баспаналы болды. Биыл да осыны жалғастырамыз. Бекітіп қойдық. Инфляцияға байланысты нарықта пәтер құны қымбаттап жатыр. Біз несие көлемін арттырып, 18 млрд теңгеге дейін жеткіземіз. Осы бағдарлама бойынша жастарды баспанамен қамту мәселесі жалғасын табады» деген еді қалалық мәслихаттың VII шақырылымының алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде. 
 

Сондай-ақ оқыңыз