«АйАру» дуэті тыңдармандарды таңғалдырып, тамсандырды
Ақсу қаласының 19 жасар тұрғыны Аружан Жолдыбаева мен 20 жасар Айсана Қажыкенова Ақсу көпсалалы жоғары колледжінде ұйымдастырушы педагог мамандығы бойынша білім алып жүр. Бойжеткендердің өнерге деген құштарлығы да ерекше. Екеуі ән әлеміне жақын. Сондықтан көпшілікке белгілі «Х-фактор» жобасына қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болған еді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында талантты қыздарды әңгімеге тартқан едік.
Тағдырдың сынағы болар, қыздардың екеуі де – үшінші топ мүгедегі. Аружанның бір көзі мүлде көрмейді, ал Айсананың бір құлағы естімейді. Бірақ бұл оларға ел қатарлы өмір сүріп, айналаны танытып, өнерлерін ортаға салуға еш кедергі емес. Тіпті, «Х-фактор» телевизиялық жобасының сегізінші маусымына қатысып, қазылар алқасы мен көрермендерді таңдай қақтырды.
«Мен ән айтқанда Айсана сурдоаударма ретінде әннің мән-мағынасын ыммен білдіреді. Арасында өзі де қосылады. «Х-фактор» жобасына алғаш келгенімізде «Бұл – вокалдық жоба» деп, бізді кері қайтарып жібере ме деген қорқыныш болды. Бірақ, керісінше, қазылар алқасының көңілінен шығып, бірнеше турдан сүрінбей өттік», – дейді Аружан Жолдыбаева.
Ол рас. Алғашқы іріктеу кезеңінде-ақ Қазақстанның Халық әртісі Нағима Есқалиева бойжеткендердің өнерін жоғары бағалады.
«Дені сау әр адам ән айтса, сендердей-ақ айтсын. «Туған жер» әнін орындағандарыңда денем шымырлап, көзіме жас үйірілді. Жарайсыңдар», – деген еді Нағима Есқалиева.
Кейін «АйАру» дуэті белгілі әнші Анатолий Цойдың тобына түсіп, жетекшінің қолдауымен бірнеше кезеңнен іркілмей өтті. Алайда өнерге жақын, домбырада шебер ойнайтын ақсулық қыздар ақтық мәреге дейін жете алмады. Олар байқаудан шығып қалған кезде жетекшілері Анатолий Цой дуэтке арналған ән жазу жолдарын қарастыратынын айтқан еді. Сөзінде тұрды. Телевизиялық ән жобасының финалының тікелей эфирі кезінде «АйАру» дуэті мейман ретінде қатысып, арнайы жазылған әнді шырқады.
«Талғат Кенжеболатовтың (Кентал) әні мен Ардақ Тошынбайдың сөзіне жазылған ән – біздің қоржынымыздағы алғашқы авторлық шығарма. Бізге осындай тарту жасалып, студияда ән жазып, тікелей эфирде қалың көрерменнің алдында шыққанымызда қуанышымызда шек болмады. Қолдау көрсеткен әр жанға зор ризашылығымызды білдіреміз», – дейді «АйАру» дуэті.
Айсана мен Аружан алғашқы әнге жақын уақытта бейнебаян түсіріп, тыңдармандарының назарына ұсынуды жоспарлап отыр.
Айта кетелік, «Грэмми» музыкалық жүлдесіне номинант Иманбек Зейкенов те дәл осы Ақсу қаласының тұрғыны.