2021 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша металлургия саласындағы өндіріс көлемі 3,1% – ға өсті. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2021 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң нәтиже қалыптасқан. Металлургияда өндіріс көлемі 3,1% – ға өсті. Мысалы, қара металлургия бағыты бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да болат өндірісінің 2,1% – ға өсуі байқалады. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорын жалпақ және сұрыпты прокат, оның ішінде полимер, мырыш және алюминий жабыны бар прокат өндірісіне маманданған, сондай-ақ агломерат, темір кенді және көмір концентратын, кокс, шойын, болат, оның ішінде үздіксіз құйылған қаңылтақтар, штрипс, лонжеронды жолақ, электрмен дәнекерленген құбырлар және домна және коксохимиялық өндірістердің ілеспе өнімдерін өндіреді.
Сонымен қатар «Тараз металлургия зауыты» ферросиликомарганец өндірісін 91% – ға арттырды. Зауыт ферроқорытпаларды, электрод массасын және фосфор өнімдерін интеграцияланған өндіруші болып табылады. Өнеркәсіптік аймақ 632 га құрайды — бұл балқыту цехтары, әкімшілік ғимараттар және қоймалар. Өндіріс ошағында жылына жалпы қуаттылығы 400 мың тонна қорытпа шығаруға бағытталған 13 пеш жұмыс істейді.
«Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» ферроқорытпа өндірісінің көлемін 1% – ға ұлғайтты. Компанияның негізгі қызметі марганец кені мен әктас өндіру, олардан ферроқорытпалар мен кальций карбидін өндіру және сату болып табылады. Өзінің шикізат базасы мен өндірістік қуатына ие зауыт шикізат – өндіріс – дайын өнімнің толық өндірістік циклін құрды. Барлық өнімнің Қазақстан Республикасының сәйкестік сертификаттары бар. Комбинат шығаратын өнімнің сапасын бақылауды аккредиттелген сынақ орталығы жүзеге асырады. Атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын бақылауды күзет бөлімінің аттестатталған санитариялық зертханасы жүзеге асырады.
Түсті металлургияда өндіріс көлемінің өсуі 6,6% – ды құрады. Өз кезегінде «Қазақмыс Корпорациясы» құйма алтын өндіру көлемін 52% – ға және түйіршікті күміс өндірісін 33% – ға ұлғайтты.
Сондай-ақ, «Тау-Кен Алтын» компаниясында тазартылған алтын өндірісінің 4% – ға және тазартылған күміс өндірісінің 46,7% – ға өскені байқалады.
«Кастинг» металлургиялық компаниясы катодты мыс өндірісінің көлемін 19% – ға ұлғайтты. Қайталама шикізатты кешенді қайта өңдеудің бірегей технологияларын игеріп, өз әзірлемелерін пайдалана отырып, бүгінгі таңда компания қара және түсті металдардан жасалған өнімдердің кең спектрін шығарады: болат дайындамалар, ұсақтаушы шарлар мен өзекшелер, арматуралық құйма, катодты мыс және мыс бұйымдары, қола, жез, алюминий және қорғасын қорытпалары.