Жаңалықтар

Журналистер, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар үшін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Тұрғын үй бағдарламасы жас мамандарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. 

 «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы аясында биыл 1000-ға жуық мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет қызметкерлері, спортшылар, әлеуметтік сала қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының жас мамандары баспаналы болады 

 

2021 жылдың 10 наурызында Алматы әкімдігі мен «Отбасы Банк» АҚ жыл сайынғы бірлескен жобасы – «Алматы жастары» бағдарламасы басталады. Тұрғын үй бағдарламасы жас мамандарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. 

 

Жобаға 35 жасқа дейінгі/35 жасқа толған (жұбайының/зайыбының жасына қарамастан) ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы тиіс, тек жекешелендіру немесе мұрагерлік құқықпен кәмелетке толғанға дейін алынған жылжымайтын мүліктегі үлес қана ескерілмейді. «Алматы жастары» қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс әрі міндетті зейнетақы жарналары аударылып тұруы қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған үміткерлердің кемінде жарты жыл бойы Алматы қаласында тіркелген және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерліктің болуы міндетті. 

 

Бағдарламаға жұмыс істейтін жері  Алматы қаласында орналасқан төмендегі сала қызметкерлері қатыса алады: 

Денсаулық сақтау – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері; 

Білім беру – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері; 

Мәдениет – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері болып саналатын 10 шығармашылық одақ мүшелері; 

Спорт – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері  

ЖОО мен Ғылыми-зерттеу институттары – ұлттық университеттердің, қалалық және республикалық мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарының штаттық қызметкерлері; 

БАҚ – ұйымдардың/мекемелердің растау құжаттары бар штаттық қызметкерлері (еңбек өтілі мен лауазымы көрсетілген жұмыс орнынан алынған анықтама, бұқаралық ақпарат құралдарында тіркелу туралы анықтама); 

Әлеуметтік сала – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері; 

Құқық қорғау органдары – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері  

 

««Алматы жастары» бағдарламасы «Отбасы банкі» мен қала әкімдігінің бірлескен, жемісті жұмысының көрнекі мысалы. Қалалық тұрғын үй бағдарламасы алғаш рет 2017 жылы басталды. Өткен жылы 1000 алматылық, оның ішінде 300-ден астам білім саласының қызметкерлері өз пәтерлеріне қол жеткізді. Биыл да мұғалімдерге дәл осындай көлемде жеңілдетілген несие берілмек. Сонымен қатар, биылғы жылы несиенің ең жоғары мөлшері 13 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Барлығын қоса есептегенде 2017 жылдан бастап «Отбасы банк» әкімдікпен бірге «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 14,5 миллиард теңгеге тең несиелер берді», –деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

 

Тұрғын үй бағдарламасына өтініштер 10 – 31 наурыз аралығында www.almaty-zhastary.kz сайтында қабылданады. Ол үшін қатысушылардың ЭЦҚ болуы қажет. Тұрғын үй басқармасы өткізілген құжаттардың дұрыстығын тексеріп, қатысушыларды жинаған балдарының санына қарай бағдарламаға қатысушыларды таңдайтын болады. Ұпай саны некеге тұрған жылдарына, балаларының болуына, санаттағы үздіксіз жұмыс тәжірибесінің кезеңіне байланысты болады. Үміткер 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкінде» төлем қабілеттілігін анықтап, 45 күнтізбелік күн ішінде пәтер тауып, сатып алынатын тұрғын үйге бағалау жасатып, банкке қайта хабарласуы керек. Қатысушыға сатып алу-сату шартын жасауға және банкте несие рәсімдеуге тағы 10 жұмыс күні беріледі. Пәтерді бастапқы немесе қайталама нарықтардан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады. 

 

Несиені 25 жылға дейін алуға болады. Бастапқы жарна кемінде 10%-ды құрауы тиіс, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%). Несиенің ең жоғары сомасы 18 миллион теңге (егер мүлік 18 миллион теңгеден асса, өтініш беруші айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады). 

 

Мәселен, құны 10 миллион теңгелік пәтерді сатып алар кезде, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бойынша, займ бойынша төлем алғашқы 8 жылда 83 333 теңгені, ал қалған 11 жыл ішінде азайып, 46 000 теңгеге тең болады.