Ресурстар

Ауыл жастарының грантты өтеуі оңайға соқпай отыр

Депутат маңызды мәселе көтерді

       Ауыл жастарының грантқа түсуге мүмкіндігі көбірек. Олай дейтініміз, квота бөлінеді. Десек те, таяқтың екінші ұшында мемлекеттік тапсырыс арқылы оқығаны үшін иығына артылатын міндеттеме тұр. Тіпті бүгінде қаражатты қайтаруын сот арқылы талап ететін жайттар көбейген. Осы мәселені Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева көтерді. Депутаттық сауалды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке бағыттады мәжілісмен. 
     Смышляеваның айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен оқыған ауыл жастарының 10 пайызға жуығынан оқуға кеткен қаражатты қайтаруын талап ететін көрінеді. Ондағы себеп — өтеу бойынша міндеттемелерді орындамауы. «Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы екі жылда «Қаржы орталығы» АҚ-ның жас мамандарға қатысты түсірген сот шағымының саны үш мыңнан асқан екен. Шағымның себебі — мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқығаны үшін кеткен шығынды өндіріп алу. Бұл жерде оқу орнын аяқтаған соң үш жыл көлемінде ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттелетін ауыл жастарына ерекше мән беріп айтып отырмын. Жылына өтеуге міндеттелетінін де, міндеттелмейтінін есептегенде 10-13 мың түлек оқуын тәмамдайды. Демек, бұл тіпті он пайызынан да көп деген сөз» деді депутат. Бір айта кетерлігі, ауылдық жерлерде жұмыс істеуден қашпаса да, бос орын болмайтыны да бар. Ондайда түлек жұмыссыз ретінде есепке тұруға тиіс. Егер тіркелмесе немесе негізсіз есептен алып тасталса, оның үстінен шағым түсіріліп, ісі сотқа жіберіледі.  

         Былай қарасаңыз, мемлекет есебінен оқыған соң, келісімшартқа қол қойған соң, міндеттеме орындалуы керек. Дегенмен бұл жолда кездесетін кедергі көп. Соны ескермейтін жағдай аз емес. Өйткені соттың алдына барғанда жастардың дені басқа амал жоғын айтады екен. Депутат «өзі жұмыссыз, қызметке тұра алмай жүрген жас маманнан оқу ақысын қайтаруды сұрау қаншалықты ойға қонымды?» деген сауал тастады. Айтпақшы, ауылда емес, басқа жерге жұмысқа орналасқаны анықталған жағдайда, ол бірден құқық бұзушы болып саналады. Мұндай жағдай Әсемнің басынан да өткен. «Магистратурадан соң грантты өтеуге міндеттелеміз. Маған мектепте сабақ беру керек болды. Өзім орамал тағамын. Ал мектептерге барсам, заң мен ережеге қарсы екенін айтып шығарып салатын. Негізі мектепте істеуден қашқан адам емеспін. Жай ғана кедергі көп болды. Ақыры сотқа шақырылдым. Ендігі ойым — басқа жерге жұмысқа орналасып, оқу ақысын шығару. Сөйтіп мемлекет алдындағы қарызымнан құтылуды ойлап жүрмін» дейді кейіпкеріміз. 

       Бұл секілді мысал аз емес. Мәжілісмен тығырыққа тірелген жастардың жағдайын жақсы түсініп тұрғанын айтты. «Енді оның қандай амалы бар? Жұмыссыз болып тіркеліп, табыссыз жүре беруі керек пе? Әлде алған мамандығынан басқа жерге жұмысқа орналасып, сол тапқан ақшасын шағым бойынша төлемді төлеуге жұмсауға тиіс пе? Жұмыспен қамту орталықтары қоғамдық жұмыстар ұсынады. Егер бас тартса, тіркеуден шығарып тастайды. Сонда квалификациясы бар, білікті мамандар сондай жұмыс істеп жүруі үшін оқыды ма? Тағы бір жолы — биржада есепте тұрып, заңсыз жұмыс істеу. Осылайша мамандығы бойынша емес, ауылда емес, көлеңкелі жұмыс істеуге мәжбүр болады» дейді депутат.   

      Осы мәселеге мән берген Екатерина Смышляева Білім және ғылым министрлігінен мақсатты дайындық аясында оқыса да, ауылдық жерлерде неге бос жұмыс орындары болмайтынын анықтауды сұрады. Сонымен бірге вакансия табылмаған жағдайда, тіркелген және оқыған аймағынан басқа жерде, республиканың кез келег ауылынан мамандығы бойынша жұмыс табуға мүмкіндік беру туралы ұсыныс жасады. Мәжілісменнің тағы бір айтқаны — мамандығы бойынша ауылдық жерлердегі мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке мекемелерде де жұмыс істеуге мұрсат беру. Айтпақшы, сот тарапынан түсіністік танытылған кездер де болған екен. Мысалы 2020 жылы қаржы орталығының қуынымын қолдамаған сәттер болыпты. Бірақ аса көп деуге келмейді. Бұған қатысты сала министрлігі қандай шара қолданар екен? Уақыт көрсетеді.