Ресурстар

Елімізде IT мамандары қалай даярланады?

Екі министрлік бірлесе жұмыс атқармақ

Күн санап кез-келген салада IT мамандарының күні туып келе жатқанын байқап жүрміз. Пандемия әсерінен қоғамның қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуі де онлайн форматтың бәсін арттырып жіберді. Әрине, бұл ретте қоғам тағы да IT мамандар көмегіне мұқтаж болады. Бұл орайда еліміздің биік деңгейлі IT қызметкерлерін даярлап шығаруы да күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып тұр. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, еліміздегі 80-нен астам жоғары оқу орнында IT бағытындағы мамандарды дайындау бойынша лицензия бар. Алайда барлығы бірдей нарықтағы сұраныс пен жұмыс берушілердің талаптарына жауап бере алмайды. «Сондықтан университеттер сала мамандарымен және жұмыс берушілермен бірігіп кадрларды дайындау бағытындағы мәселелерді шешу бойынша тиімді жұмыс істеуі керек» дейді министр. Оның айтуынша, министрлік ұсынған бағыттар мынадай: 

•    Университеттердің оқу бағдарламалары сапалы болуы үшін оларға кәсіби стандарттар қажет. Оларды жұмыс берушілердің өздері дайындайды. Білім беру бағдарламалары сол стандарттардың негізінде жасалуы керек. Цифрландыру саласындағы әріптестеріміз осы бағыттағы жұмысқа араласып, бізді кәсіби стандарттармен қамтамасыз етеді деп келістік. 

•    Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында IT бағытындағы мамандарды даярлау бойынша пайдаланылып жатқан білім беру бағдарламаларына талдау жасап, ЖОО-ларға тиісті ұсыныстар беру қажет. Осы мақсатта барлық бағдарламаларды әріптестерімізге ұсынуға дайынбыз. Берілген ескертулер мен ұсыныстарды жоғары оқу орындары міндетті түрде ескеретін болады. Тіпті бұл ескертулер профилактикалық бақылауға, тіпті қажет болған жағдайда лицензиядан айыру бойынша шешім қабылдауға негіз болуы мүмкін. Бұл білім беру бағдарламаларының сапасын іс жүзінде жақсартуға көмектесетін тиімді тәсіл болмақ. Біз құрған білім беру бағдарламаларының тізілімі осы идеяны іске асыруға мүмкіндік береді. 

•    Әріптестеріме IT бағыттағы түлектерді сертификаттау жұмысына атсалысулары бойынша ұсыныс жасадым. Қазіргі таңда жай ғана дипломның болуы жеткіліксіз, ендігі кезекте біліктілік санаты және мамандарды сертификаттау – жұмысқа қабылдаудың маңызды шарты болуы керек. Біздің бастамамыз бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді және осы идеяны жүзеге асыру үшін толық мүмкіндік бар. Біз «Диплом жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді» деген ұғымнан алыстауымыз керек. Керісінше сертификаттау орталықтарында берілген біліктілік санатының болуы әлдеқайда көбірек мүмкіндік беретінін түсінген жөн. 

•    Біз үшін жоғары оқу орындары мен колледждерде IT бағыты бойынша білім алып жатқан студенттерді нарықта үлкен жұмыс тәжірибесі бар өз ісінің мамандары оқытқаны маңызды. Сондықтан біліктілік талаптарынан осы бағыттағы оқытушыларға қатысты екі талапты алып тастадық деуге болады: IT бағыты бойынша білім беретін оқытушының ғылыми дәрежесі болуы шарт емес және ол жоғары оқу орындарының штаттағы қызметкері болуы да міндетті емес. Бұл нарықтағы білікті IT-мамандарды білім беру үрдісіне белсенді тартуға мүмкіндік береді. 

•    Тағы бір маңызды мәселе – IT-мектептерді дамыту. Бұл тұрғыда екі бағыт бар. Біріншісі – IT саласын тереңдетіп оқытатын мектептер. Біз өңірлерде осындай 25-тен астам лицей аштық. Екіншісі – бейресми білім беру және Alem, Qwant, «ШАГ» академиясы сияқты мектептерді белсенді дамытқымыз келеді. Біздің бастамамызбен мұндай мектептерді институционалдық тұрғыда қолдау үшін заңнамаға түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер мемлекеттік тапсырысты орналастыруға және осындай мектептерді қолдауға мүмкіндік береді. Елімізде мұндай мектептер көп болуы керек.

•    Сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласының негізгі бағыттары бойынша болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл талаптарды цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен тиісті қауымдастықтар әзірлейді, ал біз оларды қабылдауға дайынбыз.

•    Цифрландыру – үйреншікті жұмыс форматын тез өзгертетіні анық. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жоғары оқу орындарында студенттерге қызмет көрсету орталықтары құрылған болатын. Орталық құрылғалы барлық анықтаманы, жатақхана құжаттарын және тағы басқа құжаттарды студенттер деканаттарды араламай-ақ, «бір терезе» қағидаты бойынша сол орталықтан алып, керек кезде тапсыратын. Ендігі кезекте бұл қызметтің барлығы мобильді құрылғылар арқылы көрсетілуі керек. Студенттер үшін ешқайда бармай-ақ, қажет қызметті өз смартфоны арқылы алу мүмкіндігі болуы тиіс. Министрлік тарапынан барлық рәсімді цифрландыру және олардың санын қысқарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз студенттердің, магистранттар мен докторанттардың қағаз сынақ кітапшаларын алып тастадық. Білім алушылардың оқудағы жетістіктеріне қатысты дерек тек электрондық форматта ғана жүргізіледі. Жоғары оқу орындары өзіндік үлгідегі цифрлық дипломдарды бере бастады. Тарихи деректерді цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, жұмыс берушілер кез келген уақытта дипломды оңай тексере алады.

Министр сондай-ақ интеграцияланған білім беру платформасы әзірленіп жатқанын айтады. Платформалар балалар үшін геймификация және интерактивтілік арқылы ыңғайлы оқу үрдісін қамтамасыз етпек.