Біз энергетикалық қауіпсіз елміз бе?
Биыл, 2021 жылы Қазақстанда 17 млн тонна көлемінде мұнай өңделіп, 12,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған. Сондай-ақ отандық мұнай өңдеуді қолдау мақсатында биыл ашық түсті мұнай өнімдеріне (бензин, дизель және әуе отыны) экспорттық кедендік баж мөлшерлемесі 3 есе төмендетілген. Қазіргі уақытта бензин мен дизель отынын экспорттау кезінде акциз төлеуден босатуға қатысты шаралар қабылдануда.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев еліміздің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отын-энергетикалық кешен саясаты мұнай-газ химиясын дамыту бөлігінде өңдеуді тереңдетуге және ішкі нарықта бәсекелестікті дамытуға негізделетін болады дейді.
Президент Жолдауының шеңберінде мұнай өнімдерінің саласында да биржалық сауданы ретке келтіру және жетілдіру бойынша тапсырма берілген болатын. Биылғы наурыз айының соңына дейін бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланған. Бұл ретте өткізу көлемі «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» ҚР заңының шеңберінде министрлік бекітетін ай сайынғы жеткізу жоспарларына сәйкес анықталатын болады.
2021 жылғы III тоқсанда дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы өткізе бастау жоспарлануда. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға, яғни жоғары бөліністегі мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытуға қайта бағдарлау жөніндегі жұмыс жүргізілуде. Ел президенті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауында батыс өңірлерді мұнай-химия кешендерінің құрылысына инвестициялар тарту орталықтары ретінде қалыптастыру, сондай-ақ мұнай-химия мен жоғары бөліністі газ өңдеуді дамыту міндетін қойған еді. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына және хош иісті көмірсутектер, майлар мен полипропилен өндіретін зауыттардың өнім шығару көлемінің артуына байланысты жыл сайын мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің ұлғаюы байқалады.
«Соңғы 4 жылда шығарылған өнім көлемі 4 есе өсіп, 360 мың тоннаны құрады. Бүгінде елімізде жалпы қуаты шамамен 870 мың тоннаны құрайтын майлау материалдарын, полипропилен, метил-трет-бутил эфирін, бензол мен параксилол өндіретін 5 зауыт жұмыс істейді» деді Ноғаев.
Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнай мен газды терең өңдейтін 5 зауытты іске қосу арқылы экспортқа бағытталған мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісін 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе ұлғайту көзделген. Бүгінгі таңда 3 зауыт салынуда.
«Бүгінгі таңда елімізде мұнай-газ-химиясын дамытуды мемлекеттік қолдау бойынша маңызды шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Атырау облысында арнайы экономикалық аймақ – «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» құрылды, онда салық және кедендік жеңілдіктер қолданылады» деді энергетика министрі.
Арнайы экономикалық аймақ іске қосылғаннан бастап 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша: тартылған жеке инвестициялар көлемі – 598,3 млрд теңге; шығарылған өнім көлемі – 20,3 млрд теңге. 793 адамға тұрақты жұмыс орны, 3002 адамға уақытша жұмыс орны құрылды.
«Күрделі шығындарды 20%-ға дейін және операциялық шығындарды 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беретіндіктен, жобаларды дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету инвесторлардың міндетті шарты болып табылатынын ескере отырып, мемлекет осы Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымының құрылысын қаржыландырады. Бұл ретте қолжетімді көмірсутек шикізатының болуы Қазақстанның басты бәсекелестік артықшылығы болып табылады» деді министр.
Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру үшін газды шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушыларға сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығын беру және тауарлық газға баға белгілеу тетігін анықтау бөлігінде «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер қабылданды. Бұл тетік мұнай-газ химиясы жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы мәселені шешудің мынадай жолдары ұсынылады:
Мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жобаны әзірлеу, бұл проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға, атап айтқанда:
• Мұнай-газ химиясы жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге;
• Мұнай-газ химиясы кластерін құруға;
• Қайта өңдеуді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Үкімет пен Инвестор арасында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір құжатта біріктіруге мүмкіндік беретін инвестициялық келісім әзірлеу. Аталған келісім мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
• Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 5,5 есеге артып, 2 млн тоннадан астам өнімді құрайды.
• Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылған қаражаттың жалпы көлемі шамамен $3,9 млрд құрайды.
• Құрылыс кезеңінде 6 мыңнан астам жұмыс орны, пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады.
• Қуаты жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша бүгінгі таңда стратегиялық серіктесті іздестіру жұмысы жүргізілуде.
«Қазіргі уақытта Chevron Phillips Chemical компаниясымен келіссөздер басталды, ол өзінің «MarTECH» лицензиялық технологиясын және off-take келісімшартын сүйемелдеуге қатысты көмегін ұсынды. Ынтымақтастық, оның ішінде Жобаға қатысу туралы егжей-тегжейлі мәселелер жақын арада талқыланатын болады. «Стратегиялық серіктесті тартудың негізгі шарты – Жобаны шикізатпен қамтамасыз ету болып табылатындықтан, бүгінгі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп, қуаты 9,7 млрд м3 газ айырғыш қондырғыны – құрғақ газдан этан алуға арналған қажетті инфрақұрылымды салу мәселесі пысықталуда» деді ведомство басшысы.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда уран өндіру көлемі 1997 жылғы 796 тоннадан 2020 жылғы 19,5 мың тоннаға дейін, 24 есеге артты. 2009 жылдан бастап өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында. Қазіргі кезде Қазақстан табиғи уранды өндірумен және жеткізумен қатар, сапалы өңделген, қосылған құны жоғары уран өнімін шығаруға және өткізуге де мүдделі.