Қазақстанда 12 жылдық оқуды қашан енгізетіні белгілі болды
Қазақстанның орта мектептерінде 12 жылдық білім беру жүйесі 2023 жылы енгізілмек. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомство отырысында мәлімдеді.
«Орта білімді дамыту үшін біз 2023 жылдан бастап латын графикасын енгізу арқылы 12 жылдық білім беруге біртіндеп көшуді бастаймыз. Жаңа жүйеге толыққанды көшу үшін мемлекеттік стандарттарды, оқу бағдарламаларын және типтік оқу жоспарларын жаңарту қажеттілігі туындайды. 2020 жылы білім саласында маңызды, сапалы өзгерістер болды. Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында педагогтер еңбегінің шарты жақсара түсті. Мұғалімдерді әдеттен тыс жұмыстардан және күтпеген есептерден босату үшін шаралар қабылданды» деді министр.
Аймағамбетовтың айтуынша, барлық өңірлерде педагог құқығын қорғау бойынша кеңестер құрыла бастады. Ал 2024 жылға таман мұғалімдер жалақысы 2 есе артпақ. Министр атап өткен тағы бір маңызды қадам – енді мұғалімдерді жұмысқа алу тек конкурс арқылы ғана жүзеге асады. Нақты квалификациялық көрсеткіштерге сай келген мамандар ғана орта мектепке жұмысқа тұра алады. Яғни, бұрынғыдай барлығын мектеп директоры өз бетімен шеше алмайды. Бұл орта білім беру нысандарындағы жемқорлық және біліксіздік факторларының алдын алмақ.
Отырыс аясында колледждерді техникалық модернизациядан өткізу мәселесі де сөз болды.
«Былтыр «Жас маман» жобасын жүзеге асыра бастадық. Барлығы 22 млрд теңгеге 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Биыл ол бағдарлама аяқталады. 29 млрд теңгеге тағы 100 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту керек. Сонымен қатар «Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру жалғаса береді» деді Аймағамбетов.
Ведомство басшысының айтуынша, ендігі кезекте дуальді білімді дамыту мәселесі қолға алынбақ.