Бірлескен отбасылық демалысты қалай дұрыс жоспарлау керек және қалай артық шығындалмау керектігі жөнінде Fingramota.kz айтады.
Алдын ала брондау
Ерте брондаудың артықшылығы – авиакомпаниялар мен турагенттіктердің белгілі бір жеңілдіктері, сонымен қатар сіздің бюджетіңіз үшін тұру мен демалудың оңтайлы нұсқаларын таңдау мүмкіндігі.
Әрқашан ресми сайттардағы және балама брондау сайттарындағы бағаларды салыстырыңыз. Әртүрлі туристік агенттіктердің ұсыныстарын алдын ала зерттеңіз. Белгілі бір қонақ үйлер кейбір туристік агенттіктерде арзанырақ болуы мүмкін, өйткені оларда үлкен пакеттік жеңілдіктер жүйесі бар.
Қонақ үйді таңдағанда тек оның құнын ғана ескеріп қоймау қажет. Мысалы, кейде апартаменттер мен пәтерлер қонақүйлердегі бөлмелерге қарағанда арзанырақ болады. Бірақ жеке тамақтанудың құны қымбатырақ болуы мүмкін және сіз «all inclusive» үшін төлегендей, тамаққа көп ақша жұмсайсыз.
Бірінші желідегі қонақ үй, әрине, арзан, бірақ егер қонақ үй трансфер қызметін ұсынбаса, жағажайға дейінгі жол шығындарын ескеруге тура келеді.
Көптеген ірі туроператорлар жолдама ақысын бөліп төлеуді ұсынады. Бірақ мұндай ұсынысты таңдамас бұрын қаржылық мүмкіндіктеріңізді мұқият зерттеңіз.
«Күйіп кетейін деп тұрған» жолдамалар
Егер сіз тәуекелден қорықпайтын, ширақ адам болсаңыз, мерзімі таяп, «күйіп кетейін деп тұрған» жолдамаларды қарастыруға болады. Ұшудан бірнеше күн немесе бір-екі сағат бұрын турагенттіктер туристік жолдамаларға акциялар жариялайды. Кейбір жағдайларда 20-30%-ға немесе одан да жоғары жеңілдіктер болады. Ірі және желілік отельдер де бос нөмірлер қалып жатса, жақсы жеңілдіктер жасайды.
«Сақтандыру» туралы да ұмытпаймыз
Ауру айтып келмейді. Сақтандыру тек виза алу үшін ғана емес, кенеттен сырқаттанып қалу жағдайларынан сақтандыру үшін де қажет. Турагенттіктерде сақтандыру туристік топтамаға «әдеттегі тәртіп бойынша» кіреді. Саяхат алдында әрбір турист турагенттік арқылы сақтандыру сертификатын немесе сақтандыру полисін, сондай-ақ турист шетелде қиын жағдайға душар болып қалған жағдайда оның іс-әрекетін регламенттейтін нұсқаулық алуы тиіс. Алайда, «міндетті сақтандыру», әдетте, шығындардың тек бір бөлігін ғана өтейді, ал қалған бөлігін өзіңіздің өтеуіңізге тура келеді. Шетелдерде медициналық қызметтердің өте қымбат екенін атап өту қажет. Демалыстағы жай тұмау сіздің бюджетіңіз үшін қымбатқа түспеуі үшін сақтандыру компанияларының ұсыныстарын зерделеңіз және өзіңіз үшін барынша тиімді, әлеуетті шығындарыңызды барынша жабатын нұсқасын таңдаңыз.
Қолма-қол ақша және банктік карта
Валютаңызды алдын ала айырбастап алыңыз. Саяхатқа шыққанда ең дұрысы өзіңізбен бірге азын аулақ қолма-қол ақша (ұсақ купюралармен) және банк картасында – жұмсағыңыз келетін белгілі бір соманы алғаныңыз дұрыс.
Қаржылық алаяқтардың айла-амалдарына тап болмас үшін киберқауіпсіздік саласындағы мамандар саяхат үшін бөлек төлем картасын алуға кеңес береді. Қажет болған кезде төлем картаға онлайн-банк арқылы негізгі шоттан аздаған соманы аударыңыз. Карта бойынша операцияларға лимит орнатыңыз және Желіге қосылу қауіпсіздігін қадағалаңыз.