Ресурстар

Қызыл кілем, шапан мен тұлпар: жерлестер «Грэмми» сыйлығының иегерін қарсы алды

Иманбек Зейкенов жерлестерімен жүздесті

Америкалық рэпер Saint Jhn орындауындағы «Roses» әнін өңдеп, «Грэмми» музыкалық байқауында «Үздік ремикс» (Best Remixed Recording) аталымында жеңімпаз атанған Ақсу қаласының 20 жасар тұрғыны Иманбек Зейкенов туған қаласына оралды. Ол Лос-Анджелес қаласынан онлайн режимде таратылған марапаттау рәсіміне Ресейдің Мәскеу қаласынан қосылған болатын. Себебі қазақстандық DJ ресейлік «Effective Records» лэйблімен жұмыс істейді. 

  «Кеңсемізді ұлттық нақышта безендіріп, арнайы граммафон сатып алып, жеңімпаздың есімі жарияланатын сәтті тағатсыздана күттік. Дайындық барысын, Америкадан ұйымдастырылған тікелей эфирде «Грэмми» сыйлығының иегерінің есімі хабарланған уақытты – барлығын ресейлік белгілі режиссер Константин Майер таспаға түсірді. Шыны керек, бұл аталымда үздік атанарымызға сенім де, үміт те болды. «Иманбек Зейкенов, Қазақстан» деп хабарлаған кезде төбем көкке жетердей болып, қуанышым қойныма сыймады. Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Маған қолдау білдіріп, тілекші болып, құттықтап жатқан барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Тірек болар осындай халқымның барына ризамын», – деді Imanbek жерлестерімен жүздесу кезінде.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова «Грэмми» сыйлығының иегерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді. 

   «Иманбек Ұлыстың Ұлы күніне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша тарту жасады. Ақсу қаласын, Қазақстанды күллі әлемге танытып, абыройын асқақтатты. Осындай жерлесіміздің барын мақтан тұтамыз. Шығармашылық жолыңа тек жақсылықтар мен музыкалық жүлделердің барлығын иеленуіңді тілейміз»,-деді Айзада Құрманова.

Сондай-ақ, Айзада Амангелдіқызы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың атынан жаңа музыкалық құралдар сатып алуға 2 млн теңге берді. Ақсу қаласының әкімдігі 1 млн теңге табыстап, Иманбектің есімі жазылған шапанды иығына жауып, ат мінгізді. 

   «Қазіргі уақытта әндерді өңдеуге қажет құралдар бар. Маған ештеңе керек емес. Сондықтан бұл қаражаттың барлығын қайырымдылыққа берсем деймін»,-деді музыкалық жүлде иегері. 

Сонымен қатар, кездесуге қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департаменті басшысының орынбасары Ғани Маратов министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді. «Қазақконцерт» басшысы Жеңіс Сейдоллаұлы да Иманбекті жеңісімен құттықтады. 

Салтанатты рәсім аяқталған соң жастар талай адамның кумиріне айналып үлгерген диджейге сауалдарын қойды. Осы орайда Иманбек Зейкенов Ақсу қаласында қалатынын айтты. Яғни, жақын арада басқа қалаға қоныс аудару жоспарда жоқ. 

Жоспар демекші, «Грэмми» иегері алдағы уақытқа белгіленген жоспарларымен бөлісті.

 
   «Жақында Элджеймен бірлесіп жазған трек жарыққа шығады. Бірақ бұл мен оның лэйблімен келісімшартқа отырды деген сөз емес. Бірлескен жұмысты келісімшартсыз-ақ жасауға болады. Сонымен қатар, Шон Холлмен бірге әнді өңдеуге кірісеміз», – деді ол. 

Иманбектің есімі «Грэмми» сыйлығының иегері ретінде жарияланғанмен, жүлденің өзі әзірше иесіне жеткен жоқ. Оның нақты қай уақытта қолға тиері белгісіз.