Ресурстар

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны артты

Төсек орын жетіспей жатыр

Бүгінгі таңда COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге арналған реанимациялық және инфекциялық төсек-орындары толып жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Күн сайынғы жиналыста қаланың бас дәрігерлері елордадағы КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайды талқылайды. Елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты стационарларда қосымша төсек-орындар ашылатын болады.

   «Қалада тәулігіне 300-ге тарта вирус жұқтыру тіркеледі. Қазіргі уақытта стационарларда 451 адам емделіп жатыр. Төсек жүктемесі 63%-ды құрайды. Жалпы, Нұр-Сұлтан КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін 5 мың төсек-орынға дейін әрі оған қаланың барлық медициналық ұйымдарын жұмылдыруға дайын. Бірақ азаматтар санитарлық нормаларды сақтамайтын болса жұмсалатын ресурстардың бәрі жетпейтін болады. Егер іс осылай жалғаса берсе, біз коронавиурс ауруының үшінші толқынына тап болуымыз мүмкін», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Басқармада қазіргі уақытта №3 көпбейінді балалар ауруханасында төсектер орналастырылғанын және мерекеден кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты науқастар травматология ғылыми-зерттеу институтына орналастырылатынын атап өтті.

Елордалық дәрігерлердің айтуынша, науқастардың өсуі азаматтардың алдын алу шараларын сақтамауынан болып отыр.

   «Статистикаға көз жүгіртсек, инфекцияның өсуі наурыз айының алғашқы мерекелерінен кейін болып отыр. Қала тұрғындары 8 наурыз мейрамын тойлау кезінде жұрт көп жиналатын орындарда маска режимін сақтамаған. Енді біз азаматтарға алдағы Наурыз мейрамын тойлаудан бас тартуды, қонақ шақырып немесе қонаққа барудан бас тартуды ұсынамыз. Инфекциялық стационарлардың төсектері күн сайын толып жатыр. Егер іс осылай жалғаса берсе, дабыл қағуымызға тура келеді!» – деп толықтырды ведомство.