Ресурстар

Инклюзивті білім берудің қанша тәсілі бар?

Бүлдіршіндер үшін ойын түрлерін таңдау, қазіргі әдіс-тәсілдерді барынша қызықты ету көзделген

Мүмкіндігі шектеулі әр балаға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету – күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе. 

Еліміз бойынша үздік оқу үрдісін қалыптастыру  – Алматыдағы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басты міндеттерінің бірі. Мекемеде, әсіресе, дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді түрде психологиялық-педагогикалық көмек көрсету жолға қойылған.

Орталықтың білікті мамандары 3 күн бойы Алматыдағы психологиялық-педагогикалық Түзету кабинеттерін аралап шығып, инклюзивті оқытудың соңғы тәсілдерін баяндады.

Логопедтер мен дефектологтардың сабақтарына қатысып, педагогтармен бірге дамыту дәрістері жайлы пікір алмасты.

Сондай-ақ саладағы заманауи инновациялық технологияны енгізудің пайдасы мен тиімділігі туралы Түзету кабинеттерінің қызметкерлеріне семинар өткізді. Шағын жиын барысында бүлдіршіндер үшін ойын түрлерін таңдау, қазіргі әдіс-тәсілдерді барынша қызықты ету, яғни, нәтижелі тәжірибеге бағдарланған жалпы оқыту жүйесіне талдау жасалды.

   «Мүмкіндігі шектеулі әр балаға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету – күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе»,- деді жұмысты қорытындылаған Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары.

Айта кетейік, елімізде 161 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 95 мыңы жалпы білім беретін орта мектептерде, ал 3 мыңға жуығы ЖОО-да білім алып жүр.