Халықтың бәрі вакцинамен қамтыла ма?

Жарияланды
Асқар Мамин тапсырма берді

Бір жыл бұрын ғана пандемия өмірімізге араласып, азаматтар денсаулығына қауіп төндірген еді. Бір жыл бойы белсенді түрде күресіп келеміз. Кейде біз, кейде ол жеңгендей болып, итжығыс түсіп жатқан жайымыз бар. Үкімет коронавирус инфекциясының алдын алу, оған қарсы шаралар әзірлеу тұрғысынан белсенді жұмыс атқаруда. Соның бірі – вакцинация мәселесі. Қазір ел азаматтарына жаппай ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынып жатқаны белгілі. Көп ұзамай отандық вакцина да қолданысқа енгізілмек. Бірақ үкімет басшысы әкімдіктердің вакцинациялау мәселесіне мұқият қарамай жатқанын айтып, сынға алды. 

Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша еліміздегі коронвирус инфекциясына шалдыққандар санының артуы халықты вакцинациямен қамту мәселесін өзектендіре түседі. Қазіргі таңда Қазақстанда, әсіресе, «қызыл аймаққа» кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі байқалып отыр. 

Алматы, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында ауырғандар саны өсуде. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Жұқпалы аурулар ауруханаларының толуы 24 пайыз, реанимациялық төсек орындарының толуы 16 пайызды құрайды. 

Елімізде ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылғаны белгілі. Қазір оны егу басталып та кетті. Алдымен шенеуніктер бастап алып, кейінірек халықтың әртүрлі бөлігі екпе алуға кірісе бастады. Халықты вакциналау ақпан айында басталды. Қазіргі уақытта 95 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Бірінші болып медицина қызметкерлері, содан кейін педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлеріне вакцина салынды. Вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, препараттың қалыпты төзімділігін және жағымсыз реакцияның жоқтығын көрсетті. Сәуір айында вакцина алатындардың саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтарлықтай артады. Үкімет басшысы вакцина алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жаппай егу пандемиямен күресте басты міндет екенін атап өтті. 

 «Вакциналау халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруға және инфекцияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы фактор пандемиямен күресте, сондай-ақ экономикалық өсімді қалпына келтіруде аса маңызды» дейді Мамин. 

Вакцина салынатындар санын ұлғайту мақсатында премьер-министр вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды, азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

 «Әкімдіктердің сайттарында вакциналау, оның пайдасы, егу пункттерінің мекенжайлары туралы толық ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру қажет» деді үкімет басшысы. 

Денсаулық сақтау министрлігіне осы жылдың наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақылау және вакцинаның қажетті мөлшерін уақытылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу тапсырылды. 

Өңірлердің әкімдіктеріне халықтың, әсіресе ұжымдарда және білім беру ұйымдарында шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету, адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларын өткізуге жол бермеу, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту және тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту тапсырылды. 

Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарау тапсырылды. 

«Науқастармен байланыста болған барлық адамдарға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс» деді ол. 

18 наурыздағы мәлімет бойынша,  19 871 адам короновирус инфекциясынан (16 191 КВИ+ және 3 680 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 5 603 пациент стационарда, 14 268 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

 «КВИ+, КВИ-  шалдыққандардың арасында: 236 адамның жағдайы ауыр; 65 пациенттің жағдайы өте ауыр; 39 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр» деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі. 

Вице-министр – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов үш өңірдің «қызыл аймақта» (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Батыс Қазақстан облысы) тұрғанын, осыған орай бақылау күшейтілгенін айтады. Алматы облысы орташа қауіпті аймақта немесе «сары аймақта». Сондай-ақ,«сары аймақта» Қарағанды, Атырау, Ақмола облыстары тұр. Қалған өңірлер «жасыл аймақта».

 «Шектеу шараларын жаппай жеңілдету салдарынан ауру өршиді, мәселен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты қауіпті аймаққа көшкен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында карантин күшейтілді» деді вице-министр.

Ал вакцинаны қазірге дейін 83 839 адам қабылдаған. 

 «22 ақпаннан екінші компонентпен егу басталды, 19 312 адам вакцинацияланады,  жағымсыз реакция тіркелген жоқ. Өңірлерде 628 егу пункті ашылды, олардың 451-і іске қосылған, барлығы арнайы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. Наурыздың соңына қарай «Спутник V» вакцинасының 150 мың дозасы келеді деп күтілуде, биыл 1 сәуірге дейін екпе өңірлерге таратылады» деді Қиясов. 

Сонымен қатар елімізде 65 жастан асқан адамдарға да вакцина салынуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі тәуекел тобына жататын мұндай егде адамдарды вакцинациялауды сәуір айында бастауды жоспарлап отыр. «Вакцинаның аймақтарға жеткізілуіне байланысты екпе қабылдайтын топтардың тізімі кеңейтіледі» дейді вице-министр. Ол алғашқы лекте медициналық мекемеде жұмыс істейтін, жасы 70-тен асқан адамдардың да вакцина қабылдап үлгергенін айтты. 

 «Олар қазір өздерін жақсы сезінеді, осыдан-ақ вакцинацияның әлдеқайда жағымды болып жатқанын байқап отырмыз. Сәуір айында вакцина келіп түскеннен кейін екпе қабылдағысы келетін азаматтар саны артады деп үміттенеміз» дейді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз