Көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық белсенді түрде атқарылуда, сонымен қатар еліміздің оңтүстігіндегі төрт облыс бұл науқанға кірісіп кетті, деп хабарлады Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Көктемгі дала жұмыстары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында басталды. Бұл өңірлерде 68 мыңға жуық гектарға астық, 6,5 мың гектарға картоп, 10 мың гектардан астам жерге көкөніс дақылдары және 19 мыңға жуық гектарға көпжылдық шөптер егілді», – деді министр.
Сондай-ақ, министр Үкімет отырысында егіс алқаптарының 2021 жылға арналған болжамды құрылымын таныстырды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңдарын ұлғайту, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
Жалпы, биыл 22,8 млн гектар егіс алқабын игеру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 186,6 мың гектарға артық.
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 75,2 мың гектарға (15,8 млн-ға дейін) азайтылды.
Сонымен қатар, майлы дақылдардың үлесі 63 мың гектарға (3 млн-ға дейін), жем-шөп дақылдары 114,5 мың гектарға (3,4 млн-ға дейін), бақша дақылдары 16 мың гектарға (280 мың гектарға дейін) ұлғайтылады.
«Әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар дақылдардың алаңын ұлғайтуға аса көңіл бөлмейді. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге қарақұмық пен картоп алқаптарын ұлғайту қажеттілігі туралы хаттар жіберілді. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға қарақұмық алқаптарын бұрын жоспарланған 89 мың гектардың орнына 103 мың гектарға, ал картопты 197 мың гектардың орнына 209 мың гектарға дейін кеңейту ұсынылды», – деді Сапархан Омаров.