Саран қаласына саяхат

Жарияланды (жаңартылды )
Құны 137 млн долларлық күн электр станциясы орналасқан Қарағанды облысындағы қала

Саран – Қарағанды өңіріндегі облыстық маңызы бар шағын қала. Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырымдай жерде жатыр.  «Курсив» пен «Шеврон» компаниясы бірлесе қолға алған «Нағыз Қазақстан» жобасының авторы аталмыш қаланың бүгінгі тіршілігі жайлы әңгімелейді. 

Қала атауы «сораң, сораңды» деген сөзден шыққан. 1939 жылы болашақ қала орнында сол аймақтағы көмір қорына барлау жүргізген геологтар кенті пайда болды. 1943 жылы қарқынды құрылыс басталып, ал 1954 жылдың 20 желтоқсанында Саран қала мәртебесін алды. Қазір қаланың 52 мыңнан аса тұрғыны бар. 

Қаланың жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары:

  • «АрселорМиттал Теміртау» АҚ – «Саран» КД және Күзембаев атындағы шахта;
  • РТИ зауыты негізінде құрылған Eurasian Industrial Chemicals Group холдингі «Технология ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС, «Қарағандырезинотехника» ЖШС және «Сараньрезинотехника» ЖШС»);
  • «Казцентрэлектропровод» ЖШС;
  • «Saburkhan Technologies» ЖШС (бұрынғы Сабырхан байыту фабрикасы);
  • «Саран»  СЭС;
  • Автобус, электр автобусы мен арнайы техника шығаратын «QazTehna» зауыты.

Қалаға қалай жетуге болады?

Қарағандыдан Саран қаласына тас жолмен жеткен ыңғайлы. Саран қаласының құрамына Кіші Саран, Дубовка, Байтам, Соқыр, Саран, Ақтас елдімекендері кіреді.

Әр айтқан сөзі мемге айналатын ресейдің мемлекет қайраткері Рамзан Қадыровтың да Саран қаласына қатысы бар: қаланың кіре берісінде Кіші Саранда туып-өскен Шешенстан республикасының алғашқы президенті Ахмат-Қажы Қадыровтың құрметіне ескерткіш қойылған. 

puteshestvie-v-saran (3).jpg

Қалаға кіреберістегі жолдың бойында заманауи архитектуралық үлгідегі «Saran» деген жазуы бар арка орнатылған. Оның қасында абаттандырылған тұрақ бар. Арка – қалаға көрік берумен қатар, күн электр станциясының негізін қалаушылардың қалаға тартқан сыйы. Аркадан өткен соң, оң қатпалдай жүрсек, күн электр станциясын байқаймыз. 2019 жылы Саран қаласында қуаты 100 МВт,  құны $137 млн тұратын күн электр станциясы іске қосылған.

puteshestvie-v-saran (6).jpg

Сол кезде энергетика экс-министрі Қанат Бозымбаев:

«Саран қаласы бұдан былай жаңартылатын энергия көзі бойыша үздік екенін мақтан тұта алады»,– деген еді. 

ЖЭС-тен жоғары таман халық арасында «Дамба» аталып кеткен, тұрғындар қысы-жазы балық аулайтын Саран су қоймасы жатыр. 
Айналма жолмен ары қарай жүрсеңіз, жол кезінде гүлденген, қазір күйі кетіп, қожырайған аудан  – РТБ зауыты кентіне жеткізеді. 

puteshestvie-v-saran (19).jpg

Қала құрылысы жайы талқылаған кезде, сол кездегі басшылар жақын маңдағы белес пен қыр арасындағы ойпат жерге салуды ұйғарған. Қаланы ойпатты жерге салу шешімі әлі де даулы мәселе саналады. 

Жалпы саны 25 мың адам мекен еткен 5-9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлі 3 шағын ауданнан құралған қала типтес кентті тұрғындар әлі күнге сағына еске алады. 1994 жылы резина бұйымдарын шығаратын зауыт банкротқа ұшыраған соң, бәрі өзгерді. Халықтың басым  бөлігі көшіп кетті, шағын аудан қаңырап қалды. РТБ ауданы ұзақ уақыт қала басшылығының бас ауруына айналып, БАҚ бетінен түспей келді. 

Кенттің мәдени орталығы №7 мектеп-интернат айналасында шоғырланған. 2010 жылы бұрынғы аурухана қалашығының орнында психоневрологиялық диспансер салынды, ал РТБ ауданындағы қараусыз қалған тоғыз қабатты үйде Қарағанды роуп-джамперлерінің секіру базасы орналасқан.

2021 жылы РТБ кенті қайта жандана бастайды. 

«Жетпіске жуық үй қалпына келтіріліп, қалғандарын бұзып, орнына жаңа үйлер салынады», – дейді Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов.
 

puteshestvie-v-saran (4).jpg

Кентті қалпына келтіру негізінен  инфрақұрылымның дамуымен байланысты: 2020 жылы  ауданда дүние жүзіндегі ірі автобус өндірушілердің бірі «Yutong» компаниясымен бірлесе отырып,  автобус, электробус және арнайы техника шығаратын «QazTehna» зауыты ашылды.

Қаланың тыныс-тіршілігі қандай? 

Қаладағы басты бағдар – танк. Бұл қала тұрғындарының жауынгершілігінің белгісі емес, 20-ғасырда Саран қаласы аймағында танк бөлімшесі болған. КСРО тараған соң  Жеңістің 40 жылдығына арналған стелла мен ескерткіш қабырға Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешенге айналды.

Саран қаласының қақ ортасында орналасқан тағы бір  ескерткіш – «Ардагерлер саябағы» – еңбек ардагерлері, ауған жауынгерлері мен ішкі істер қызметкерлері құрметіне қойылған. 

Қарағанды облысындағы тағы бір  тарихи-мәдени мұра – Игілік би мазары. Игілік бидің образы Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке» романында толық ашылған. 

Қалада 1956 жылы ашылған, Қарағанды облысындағы жалғыз «Жас техниктер станциясы»жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада «Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» бар, оның қабырғасынан олимпиада мен Әлем Чемпионаттары жүлдегерлері шыққан.  Айталық, Саран қаласының тумасы Милана Сафронова –  2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ал қала әкімі Ержан Темірханов триатлонмен айналысады, сондай-ақ, Iron Man атағына ие.

puteshestvie-v-saran.jpg

 Оның қасында 2009 жылы толықтай қайта жаңарған, 400 адамға арналған «Сұңқар» стадионы орналасқан. Стадионға іргелес  аумақ –  қала тұрғындары  қыдыратын үлкен саябақ. Қаланың бұл ауданында қалалық кинотеатр, балалар ойын-сауық саябағы және фаст-фуд асханасының құрылысы аяқталып келеді, соның арқасында бұл жерге қаланың еңбектеген баласы мен еңкейген кәрісіне дейін қызықтап келеді.

puteshestvie-v-saran (13).jpg

2020 жылы Саранда сәбилер мен мектеп жасындағы балаларға арналған «Акуленок» бассейні ашылды. Қаладағы «Жомарт» (қаладағы ең көне кафе), «Қазына аралы»  және «Саран» банкет залы сынды орындарда дәмді тамақ жеп, жүрек жалғап алуға болады. 

Қалада 8 мектеп, екі орта оқу орны бар: «Саран гуманитарлық-техникалық колледжі мен «Саран техникалық колледжі». Саран қаласында қайталама нарықтан да, жаңа салынған үйлерден де еш қиындықсыз  баспана сатып алуға болады. 

 Қыс кезінде Саран қаласы мен  оған іргелес жатқан Ақтас кентіндегі 258 көп қабатты тұрғын үй мен әлеуметтік-мәдени тұрмыс объектілерін  жергілікті 22 қазандық  жылытады, үнемдеу мақсатында олар көмірдің орнына қоқыр (шлам) жағады. Саран қаласында құны 5 млрд теңгелік орталық қазандық құрылысы 2012 жылы басталған еді. Ол 5 жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс-тұғын, алайда әкімдіктің мәліметі бойынша, бұл мәселе қазір шешіліп жатыр. Қазандықты газға көшіру мәселесі қаралып жатқан көрінеді. 

Саран қаласында ұзақ уақыт шешімін таппай келе жатқан өзге де мәселелер бар: сумен қамту жүйесі, коммуналдық қызметтің қымбаттығы, көшелердің жарықтандырылмауы, ең бастысы – жұмыс орны тапшы. Қаланың көптеген тұрғыны Қарағанды қаласына барып-келіп жұмыс істейді. Бұл ретте тағы бір мәселенің ұшы қылтияды. Қарағанды-Саран арасында қоғамдық көлік тұрақты жүрмейді, автобустар үнемі толы, оған қоса, кешкі сегізден кейін тоқтап қалады. Жеке таксистер де жолаушы тасиды, ал олардың қызметін елдің бәрінің қалтасы көтере бермейді, оған қоса қауіпсіздікке ешкім кепіл бермейді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз