Ресурстар

Пәтер алғанда мән беру керек дүниелер

Жайлы үй алуға көмектесетін кеңестер

Баспаналы боламын деп ақша жинап, мақсатыңызға жетуге аз қалғанда пәтер таңдау деген жұмыс шығады. Қай-қайсымыз болсын, әрі жайлы, әрі бағасы қолайлы, жақсы жерде орналасқан, жап-жарық, көп бөлмелі үй алғымыз-ақ келеді. Осы ретте пәтер таңдаумен алғаш рет бетпе-бет келіп жатқан оқырмандарымызға пайдалы кеңес айта кеткіміз келіп отыр. 

Жан-жағыңызға қараңыз

Пәтер алғанда ішіне ғана емес, сыртына да мән беру керек. Яғни айналасында не орналасқанын қараңыз. Бірінші қабатында кафе болса, демек одан даңғырлаған музыка естілуі, бәлкім, ішіп алып үйге қайтпай жүрген адамдардың көп болуы әбден мүмкін. Кафе ғана емес, сауна, ойын немесе жаттығу залдары да осы тізімде. Сондай-ақ, көршілердің де маңызы зор. Әрине, біреуі көшіп кетсе, орнына екіншісі келіп жатады. Бірақ мазасыз, үнемі айқай-шу шығарып жататын көршілерге жақындамаған жақсырақ. Айналасына мән бергенде ауданның экологиясын да ойлаңыз. Өндірістік кәсіпорындардан алыс болғаны, аулада автотұрақ болмағаны, қай кезде де машина ағылып жататын жол бойы болмағаны дұрыс.  

Жаңа салынған үй алған жөн бе?

Жаңаның аты — аты. Бұған дейін жан баласы тұрмаған, іші-сырты тап-таза пәтерде кім тұрғысы келмейді? Бірақ күрделі жөндеуді бірден істей алмайтыныңызды ескеріңіз. Себебі жаңа үй алғашқы жылдары отырады. Сөйтіп қабырғалары жарылуы мүмкін. Әрі көршілер бірінен-соң бірі жөндеу жұмыстарымен айналысып, күні-түні тарсылдаған дауысқа дайын болыңыз. Әдетте, тарсыл біткенді кешкі уақытта тоқтату керек деген ескерту жасалады. Дегенмен жөндеуді тез аяқтағысы келгендердің ішінде әлгі ескертуді пысқырмайтындар табылуы бек мүмкін. Айтпақшы, соңғы салынып жатқан үйлердің бір кемшілігі — қабырғасы жұқа. Яғни көршіңізді ап-анық естіп отырасыз. Сондықтан үй таңдағанда қабырғасын тақылдап ұрып тұрып тексеріп алғайсыз. 

Қай қабаттан алған дұрыс?

Бұрыннан келе жатқан бір таптаурын — соңғы және бірінші қабаттан алмау. Бүгінде мұны аса құнды кеңес деуге болмайды. Себебі шатырдан су кетіп қалу қаупі қазір ондай қатты емес. Әлбетте, ПИК жауапсыз болса, бәрі мүмкін. Десе де, ең жоғары қабаттың артықшылықтары жоқ емес. Мысалы, баспалдақ жақ үнемі тап-таза болып тұруы мүмкін. Себебі топырлаған адам жоқ. Сондай-ақ, үстіндегі көршінің балалары ұйықтамай, жүгіріп жүрмейді. Даладағы шу, лас ауа да сіздің үйге жете алмайды. Қазіргі таңда көпқабатты үйлер сәнде. Терезесінен қарасаңыз, көрінісі көз қуантады. Ал енді кемшіліктеріне келсек, жазда үйдің шатыры қызып, содан жоғары қабаттағы үйлерде ауа болмайды деседі. Сондықтан ең жоғары қабатты алатын кезде, техникалық қабаты барына мән беріңіз. Айтпақшы, су қысымы әлсіздеу болуы мүмкін. Оны да басынан тексеріп, анықтап алыңыз. Бәрінде бірдей ондай бола бермейді. Мамандар пәтер алғанда жеделсатыдан алыстауын алуға кеңес береді. Себебі кіріп-шыққанның бәрін естіп отыру ұнай бермесі анық. Әйтсе де, бүгінде оның да шешімі бар. Қазіргі лифтілер үнсіз, шусыз жүреді.   

Бұрыштағы пәтердің несі жаман?

Терезесі солтүстікке қарап тұрса, үнемі түнекте боласыз, оңтүстікке қараса, жазда күннен қайда тығыларыңызды білмей, дал боласыз деседі. Сондықтан шығысқа не батысқа қарап тұрғанын алған жақсырақ. Яғни шығысқа қараса — күннің алғашқы бөлігінде, батысқа қараса, екінші бөлігінде үйге күн түсіп тұрады. Бұл кеңеске қатысты да екі түрлі пікір бар. Өзіңіз шеше жатарсыз. Бастысы, күн түстен кейін қызатынын ескеріңіз. Демек, аптап ыстықта батыс бағытқа қараған пәтердің ішін өзіңіз ойлай беріңіз. Жазда одан құтылу үшін терезеге жабыстыратын арнайы жапсырмалар да, түрлі күн сәулесін өткізбейтін перделер мен жалюзилер жетерлік. Ал енді бұрыннан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан кеңес — бұрышта орналасқан пәтер жайында. Яғни шама келсе, алмаған жөн. Тіпті қабырғасы қанша жерден қалың болса да, қататын болады. Бүгінде құрылыс материалдарын үнемдеп, арзан заттармен салатын құрылыс компаниялары көп екенін ескерсек, үйіңіз қыста жылымайтын болса, орналасуына байланысты деп білгейсіз.   

Жайлы атмосфера сезіне алдыңыз ба?

Әдетте, өмірлік жарды таңдағанда «жүрегіңді тыңда» деп жатамыз. Пәтер алғанда да ішкі сезімдерге құлақ асқан дұрыс. Қалтаңызға қарай, жағдайы да тиісінше болады десек те, кей пәтерге кіргенде аурасы ұнамауы мүмкін. Табалдырықтан аттай бергенде кеудені қысатын пәтерлер болады. Сантехника, есік пен терезе түгел жап-жаңа болмаса да, ішінде жайлы атмосфера болғаны дұрыс. Пәтер аларда құбырларды жақсылап қарап алыңыз. Беткі жағын әрлеп, бояп қойса да, тот басқанын анықтау қиын емес. Есіктің сықырламағаны, терезеден уілдемегені маңызды. Қандай да бір кемшілік байқасаңыз, үй иесіне айтыңыз. Бағасына түсіруге сеп болып қалуы мүмкін. Тіміскіленбесеңіз де, жағымсыз иістер бар ма — қараңыз. Канализацияның исі, дымқыл не зең басқан болса, үйдің жағдайы мәз емес екенін білдіреді.   

Қандай пәтерден қашу керек?

Құжаттарында түзету көп болса, алмаңыз. Бланктер мен мөрлерге жақсылап қараңыз. Алаяқтар көп, ұрланған не жойылған болуы мүмкін. Құқық белгілеуші құжаттардың түпнұсқасын бермесе де ойланыңыз. Өйткені дубликат жылжымайтын мүлікке қатысты мәселеден дабыл қағатын белгі болуы ғажап емес. Түпнұсқаның неге жоқ екенін анықтаңыз. Аз уақыт ішінде үй иелері көп рет ауысқан болса да, сезіктенуге себеп. Үй қожайыны не иелерінің бірі өмірден өтіп, мұрагерлік ісі әлі ашылмаған болса, алмаған жөн. Кейін мәселелер туындаса, қиын болады. Сенімхат арқылы сатылатын үйге жоламаңыз. Өйткені құжатты растау қазір оңай емес. Дұрысы, басыңызды бірден алып қашыңыз. Жылжымайтын мүлік мұраға қалып, бірақ мұрагердің құқығы әлі күшіне енбесе, болашақта мәселе туындауы мүмкін екенін ескеріңіз. Пәтер қожайыны психдиспансерде есепте тұрған болса, жоламауға кеңес береміз. Өйткені кез келген уақытта ол сізге сатқан кезде жағдайының қалыпты болмағанын айтып, үйді кері талап етуі мүмкін. Сонымен қатар, пәтеріңіз орналасқан үй апаттық жағдайда болса, бұл да кері шегінуге белгі. Күні ертең не болары белгісіз. Сондықтан барынша сақ болған дұрыс.