Қазақстан 2007 жылғы Суға батқан кемелерді шығару туралы Найроби халықаралық конвенциясына қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатты ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Конвенция Халықаралық теңіз ұйымының бастамасымен қабылданды. Оны 53 мемлекет ратификациялады. Бұл – әлемдік флоттың 75%-дан астамы.
Конвенцияға қосылу ел аумағында шетелдік кемелер суға батқанда Қазақстанның мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Құжат меншік иесіне суға батқан кемені алып тастаудағы жауапкершілігінен бас тартуға жол бермейді.
Конвенция келесі мәселелерді реттейді:
– кеме иесінің орналасқан жерін анықтаудағы, суға батқан кемені белгілеудегі және бортындағы объектілерді қоса алғанда, кез-келген бөлікті алып тастаудағы қаржылық жауапкершілігін белгілеу;
– кеме иесінің апатты жою жөніндегі қажетті шығыстарды өтеуінің кепілі ретінде кемеде (жалпы сыйымдылығы 300 және одан да көп тіркелімдік тонна) батып кеткен кемелерді алып тастауды қарастыратын жауапкершілігін сақтандыру немесе өзге де қаржылық қамтамасыз ету туралы куәлігінің болу міндеттемесі.
Сонымен қатар, Конвенцияны ратификациялау суға батқан кеменің меншік иесінің сақтандыру компаниясына шығыстарды тікелей өтеу туралы талаптар қою құқығын береді.
Конвенцияның 3-бабына сәйкес мемлекет Халықаралық теңіз ұйымының бас хатшысына тиісті хабарлама жібере отырып, Конвенция нормаларын аумақтық суларда қолдана алады.
Шетелдік кемелер ел аумағына үнемі кіріп тұратындықтан, Қазақстан аталған құжатты ратификациялауға мүдделі болды.
2020 жылы Ақтау және Құрық теңіз порттарына 1283 кеме кірді. Оның ішінде 261-і Қазақстанның, 208-і Ресейдің, 231-і Иранның және 579-ы Әзірбайжанның кемелері. Халықаралық тасымалдарға 67 кеме, оның ішінде Қазақстанның 9, Иранның 23, Ресейдің 24 және Әзірбайжанның 12 кемесі тартылған.
Каспий теңізінің қазақстандық секторында суға батқан шетелдік кемелер:
2015 жылы Иранның «Чиба» кемесі батып кетті. Оны Иранның «Хазар Шипинг Лайн» компаниясы жасап, «MOALEM» ирандық сақтандыру компаниясына кеме құқығын берген. Сосын кеме Қазақстанның «Бейсатов С.Д.» компаниясына сатылған. Қазіргі уақытта жұмылдыру жұмыстары жүргізілуде. Кемені 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына көтеру жоспарланған.
2016 жылы «Песчаный» ойына Ресейдің «Аракс» танкері батып кетті. Кемені «Транскаспий» ҚБ иесі Қазақстанның «Батысэнерджи групп» компаниясына сатып жіберген. Кеме 2018 жылы шығарылып, жойылды.