Елімізде автожолдар су тасқынына 100% дайын
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы су тасқынына қарсы әзірлік жұмыстары жалғасуда. Бүгінде табиғи апатқа қарсы шаралар 100%-ға дайын, яғни сақадай сай. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Автомобиль жолдарының су шайып кету қаупі жоғары 434 учаскесі, 52 көпір мен 838 су өткізу құбыры жіті назарға алынған. Онда тәулік бойғы кезекшілік пен «Қазақавтожол» ЖШС жол-пайдалану техникасының 758 бірлігі жұмылдырылған.
Айта кетейік, жолдарды сақтау үшін көктемгі кезеңде 1 наурыздан 1 сәуірге дейін Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған ауданы), Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бір осьтік жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктері мен ірі көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Ал 23 наурыздан 1 мамырға дейін шектеу Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды ауданы), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында енгізіліп отыр.