Ресурстар

«Қордай — Ақ Жол» өткізу пункті ашылды

Қазақстан мен Қырғызстан Премьер-Министрлері қатысты

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Қырғызстанның Премьер-Министрі Улукбек Марипов Үкіметаралық кеңестің IX отырысын өткізіп, екі елдің мемлекеттік шекарасында жаңғыртылған «Қордай — Ақ Жол» өткізу пунктінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram  каналы хабарлады.

Үкіметаралық кеңес отырысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, туристік, ғарыш және IT салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, сондай-ақ білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және еңбек көші-қоны, қоршаған ортаны қорғау, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы, ЕАЭО және басқа да интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. 

Тараптар «Қарасу — Ақ Тілек» өткізу пунктінде «Алатау» бірлескен Трансшекаралық сауда орталығын (ТСО) құру перспективасын талқылады. Орталық базасында жеміс-көкөніс өнімдерінің заманауи қоймаларын, сондай-ақ сертификаттау, санитарлық және фитосанитарлық бақылау органдарын орналастыру көзделіп отыр, бұл АӨК өнімдерін қайта өңдеудегі ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады. ТСО алаңында Қазақстан мен Қырғызстан өнеркәсіптік кооперациясын дамыту үшін индустриялық аймақ құру жоспарлануда. 

Қырғызстанның Шу және Ыстықкөл облыстарында жалпы инвестиция көлемі $25 млн құрайтын және ауыстырып тиеу қуаты жылына 26 мың тонна болатын көтерме-тарату орталықтарын салу мәселесі қаралды.