Коллекторлық агенттік дегеніміз не?

Жарияланды
Коллекторлық агенттіктер борышкердің банк шотын бұғаттауға құқылы ма?

Коллекторлық агенттік – жеке және заңды тұлғалардан берешекті өндіріп алуға маманданған ұйым.Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.

Коллекторлық қызмет нысанасы кредиторға сотқа дейін өндіріп алу және берешекті реттеу, сондай-ақ берешекпен байланысты ақпарат жинау жөнінде қызмет көрсету болып табылатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
Коллекторлық агенттіктер туралы мәліметтерді қайдан алуға болады?

Коллекторлық агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (бұдан әрі – Агенттік) есептік тіркеуден өткеннен кейін және Коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілгеннен кейін ғана жүзеге асыруға құқылы.

Коллекторлық агенттіктің есептік тіркеуден өткен-өтпегенін, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің орналасқан жерін, интернет-ресурсы, телефондары туралы мәліметтерді Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде танысуға болады.

Коллекторлық агенттіктерге қандай құқықтар берілген?

Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберінде коллекторлық агенттіктерге мынадай құқықтар берілген:

өз қызметін кредитормен жасалған берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде жүзеге асыру; 
берешекпен байланысты ақпаратты жинауды жүзеге асыру;
кредитордан құжаттар (түпнұсқалар мен көшірмелер), түсіндірмелер мен ақпарат алу;
талап ету құқығын коллекторлық агенттік кредитордан сатып алған банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша сот тәртібінде өндіріп алу;
сотта кредитордың өкілі болу;
борышкер бұрын банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру туралы шартты жасау кезінде берген борышкер туралы ақпаратты үшінші тұлғалардан сұрату. 

Коллекторлық агенттіктер борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (үшінші тұлғамен) қалай өзара іс-әрекет жасайды? 
 
Коллекторлық агенттік борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) кредитормен банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғамен мынадай тәсілмен өзара іс-әрекет жасауға құқылы:

телефон арқылы келіссөздер;
жеке кездесулер;
борышкер жеке тұлғаға тұрғылықты жері бойынша (заңды мекенжайы), борышкер заңды тұлғаға орналасқан жері бойынша (нақты мекенжайы) жіберілетін жазбаша (пошта арқылы) хабарламалар; 
ұялы байланыс арқылы мәтіндік, дыбыстық және басқа хабарламалар;
Интернет желісі арқылы.
Коллекторлық агенттік борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) кредитормен банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғамен бірінші рет байланыс жасаған кезде мыналар туралы хабарлануы тиіс екенін білу маңызды:
коллекторлық агенттіктің атауы және коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі тіркеу нөмірі; 
коллекторлық агенттіктің орналасқан жері;
борышкермен қарым-қатынас жасайтын адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;
кредитордың атауы;
кредитордың берешекті коллекторлық агенттіктің жұмыс істеуіне беруі;
берешектің құрылымы, негізгі борыштың мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы, банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген сыйақы, комиссиялар, айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар);
Коллекторлық агенттіктер борышкердің банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Коллекторлық агенттіктер борышкердің банк шотын бұғаттауға, сондай-ақ борышкерлердің шоттарына төлем талаптарын қою арқылы берешекті акцептсіз тәртіппен өндіріп алуға құқылы емес.

Банк шоттарына тыйым салуды қылмыстық-процестік заңнамада және атқарушылық іс жүргізу туралы заңда көзделген тәртіппен сот актілері негізінде және сот орындаушыларының прокурор санкция берген қаулылары негізінде ғана жүзеге асыруға болады.

Банк шотына шектеулер қою себептерін анықтау үшін өз деректеріңізді борышкерлердің және сыртқа шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлердің бірыңғай тізілімі арқылы тексеру немесе шот ашылған банкке жүгіну қажет.

Коллекторлық агенттіктер борышкердің мүлкін алуға құқылы ма?

Борышкердің мүлкіне түгендеу жүргізуге және оған тыйым салуға жеке сот орындаушысының ғана құқығы бар. Жеке сот орындаушылары атқарушылық өндіріс шеңберінде мүлікті сауда-саттықтан мерзімі өткен борыштарды өтеу үшін сатады.
 

Сондай-ақ оқыңыз