Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз сайтында биылғы Рамазан айынының ораза кестесін жариялады. Мұсылман күнтізбесіне сәйкес, биыл қасиетті Рамазан айы сәуірдің 13-нен басталады. 12 мамыр – қасиетті айдың соңғы күні. 13,14, 15 мамыр – Ораза айт. Биыл пітір садақа 420 теңге көлемінде бекітілген. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
«Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы алпыстан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз» деп атап өтті Бас мүфти.
Сонымен қатар ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы діни құлшылық үш аймақ бойынша атқарылатынын мәлімдеген.
Наиб мүфти мұндай шаралар қауіпті індеттің алдын алу және сақтық шараларын қатаң сақтау үшін қолға алынып отырғанын атап өтті.
«Біз қазіргі еліміздегі қиын жағдайды ескере отырып, жұқпалы коронавирус індетінің алдын алу және одан сақтану шараларын басты назарға алып, діни құлшылық ету мәселесін үш аймаққа бөлдік. Ең алдымен, «жасыл» аймақ, «сары» және «қызыл» аймақтарда орналасқан облыстар пен қалалар үшін жұма, тарауық намаздары, ауызашар өткізудің тәртібіне тоқталсақ» дей келе Ершат қажы Ағыбайұлы «жасыл» аймақ, «сары» және «қызыл» аймақтардағы мешіттерге қойылатын талаптарды айтып өтті.
ҚМДБ сайтынан мешіттерге ұойылатын талаптың толық тізімімен танысуға болады.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашар ұйымдастыру жайы қаралған.
ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастыру, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылатынын жеткізді.
Марат Жаппасбаев пандемияға байланысты бұл жұмыстар барынша сақтықпен өтетінін айтты. Дегенмен Бас мүфти «жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін айтты.