Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді.
Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі.
«Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс. «Керуен-сарай» кешенінің ашылу салтанатына Премьер-Министр Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ инвестор компанияның өкілі Қуанышбек Құдайберген қатысты.
А. Мамин Түркістандағы Қазақ музыкалық драма театрына барды. Ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Бұл аса жаңа жабдықтармен және театр жұмысына қажетті барлық бөлмелермен жабдықталған заманауи кешен. Көрермендер залының сыйымдылығы 510 адамды құрайды.
Үкімет басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен танысты. Бұл ақпарат пен шығармашылыққа арналған бірегей хаб. Ғимараттың үш қабаты оқу залдары, коворкинг-орталықтары, фото-, бейне- және аудиожазба, каллиграфия, қыш өнері студиялары, шеберханалары, оның ішінде 3D-модельдерді жасауға арналған шеберханалары, сондай-ақ киноконцерт залы, кофеханалары, кітап кәдесыйлары мен қолдан жасалған бұйымдар дүкендері қамтылған зоналарға бөлінген.
Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы, сирек кездесетін кітаптар мен көне заманғы қолжазбаларды сақтауға арналған бөлім, құжаттарды, кітаптарды цифрландыру және консервациялау цехтары, оның ішінде Орталық Азиядағы тотығуға қарсы жабдықпен жабдықталған бірден-бір цех бар.
Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр сондай-ақ Түркістан қаласында басқа да инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.