Қазақстанның тарихи орталығына айналған Семей
Еліміздегі ең ірі медициналық оқу орны орналасқан қалада неге білікті дәрігерлер жетіспейді, қала тұрғындарын қандай мәселе алаңдатады, шаһарда қандай құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр, ал сәулет ескерткіштерінің тағдыры не болмақ? «Курсив» пен «Шеврон» компаниясының бірлескен «Нағыз Қазақстан» жобасында автор осы сауалдарға жауап іздейді.
Ертіс өзенінің қос жағалауында жатқан қаланың, құжаттарға сүйенсек, 300 жылдық тарихы бар. XIX ғасырдың әр жылдары қалада жазушы Федор Достоевский, содан кейін Евгений Михаэлис, революционер Нифонт Долгополов тұрған. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев та осы жылдары Семей қаласында тұрып, білім алған. Ал кейінірек жергілікті гимназияда Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаев оқыған.
1940 жылы ашылған Абай музейінде ақын өмірінен, сол заманның тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін құнды жәдігерлер сақталған. Музей – қаланың басты көрікті жерлерінің бірі. Абайдың 150 жылдығына орай, музейді Абайтану орталығы құрылған көпес үйімен біріктіріп, Абай оқыған медресе ғимаратын қайта жаңғыртып, тұтас кешен салды.
Ахмет-Ризаның суреттері бойынша қалпына келтірілген Абай Құнанбаев оқыған медресе.
2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай, музейде ауқымды реставрация жүргізілді.
Реставрациядан өткен Абай музейі
Музейде Абайдың өзі ұстаған және жер аударылған Нифонт Долгополов Құнанбай ұрпақтары тұрған ауылдан жинап өткізген тұрмыстық заттар қойылған. Сондай-ақ, Абай бұрышы, электронды форматта да оқуға болатын көптеген кітаптар мен мәліметтер сақтаулы.
Ақын шәкірті Алдияр Молдабаевтың үйіндегі Абай бөлмесі
«Абайдың інісі Халиолла Өскенбаев Шоқан Уәлиханов білім алған Омбы кадет корпусында оқыған. Ол ауылға келген сайын кітап алып келетін, орыс тілін Абай алғаш Халиолладан үйренеді. Халиолла жастай қайтыс болған соң, Абай туыстарына оның кітаптарын алады. Соғыс кезінде жер аударылғандар осында кітапхана ашқан. Ол Гоголь атындағы көпшілік кітапхана деп аталды. Кезінде оған американдық журналист Джордж Кенон саяхаттап келген. Ол өзінің «Сібір» деген кітабында жер аударылғандардың өмірі, Абай туралы жазған», дейді Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.
Әлем тілдерін аударылған ақын шығармалары
Болашағы белгісіз ескерткіштер
Қалада 66 тарихи-мәдени ескерткіш бар, оның 34-і – сәулет ескерткіші, 16-сы монумент болса, 16-сы – тарихи және археологиялық ескерткіш.
Қос мұнаралы көне мешіт – қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі
Соның ішінде 10 ескерткіш – республикалық, 56 – қалалық маңызы бар ескерткіш. 19-ғасырдың соңында салынған әйелдер гимназиясы мен зооветинститут ғимараты да солардың қатарында. Сарапшылар оларды апаттық деп таныған.
Екі рет өртенген ескі ғимарат.
1910 жылы әйелдер гимназиясы ретінде салынып, 19741 жылы бұл жер өртке оранып, соңынан қайта қалпына келтірілген. Одан кейін политехникум орналасса, соғыс жылдары госпитальға айналған. Ал 1950-жылдан бері зооветинститутқа айналған. 1986 жылы ғимарат екінші рет өртенді.
«Бұл біз үшін ауыр тақырып. Зооветинституттың ғимараты 90-жылдары жекенің қолына өтіп кеткен. Қазір Алматыдан келген компания оның қасына «Semey Mall» ойын-сауық орталығын салып жатыр, ғимаратты қайта қалпына келтіреді деген үміттемін. Тағы бір сәулет ескерткіші, алғашқы телеграф ғимараты 25-30 жыл бойы қараусыз қалған. Қазір ол әкімдік иелігінде. Бюджет есебінен қалпына келтірудің еш мәні жоқ, оның орына жаңасын салған дұрыс. Ғимарат күн санап мүжіліп, қирап барады. Оны қалпына келтіруді қолға алатындар табыла қоймас, сатып алушылар да жоқ» дейді қалалық сәулет басқармасының басшысы Ардақ Исатаев.
Қала бойынша XIX ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында салынған 40 шақты көпес үйі бар.
Ескі көпес үйлері
Олар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына жатпайтындықтан, ақырындап сүріліп, қала картасынан жойылып жатыр. Орнына жаңа үйлер бой көтеріп келеді.
«Бұндай үйлердің бірінші қабаты – жартылай жертөле, онда қызметшілер тұрған. Қазір 2-3-4 отбасы тұратын үйлер жекенің меншігінде. Қаланың Татар бөлігінде көп сақталған. Дәл сондай үйлер Қазан қаласында да бар. Бұл үйлерді мемлекет есебінен сатып алып, жөндеп, қалпына келтірсе, жақсы болар еді. Тарихи орталық ретінде мешіт жақтағы үйлерді сақтап қалсақ», дейді Ардақ Исатаев.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің қирап, құрып бара жатқанына бей-жай қарай алмайтын қала тұрғындары да шенеуніктерден бұл үйлерді қиратпай, сақтап қалуды сұрайды.
Қарқынды құрылыс
Семейде 320 мыңнан аса тұрғын тұрады. Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскеменнің халқы (346 мың) сәл көп. Қала билігі 2025 жылға қала халқы 400 мыңға жетеді деп жоспарлап отыр. Оған 2014 жылдан бері қарқынды жүріп жатқан құрылыс ықпал етуі тиіс.
Жаңа «Қарағайлы» ауданы
Әкімдік мәліметі бойынша, жаңадан салынып жатқан «Қарағайлы» шағын ауданында 35,5 мың адам тұратын болады.
«Тұрғын үй қоры 1,2 шаршы метрді құрайды. Құрылыс аумағы – 293 гектар. Қазіргі кезде 26 көпқабатты үй салынған, 32-сі салынып жатыр. Соның 14-і биыл пайдалануға беріледі. 25 үйдің жоба-сметалық құжаты дайын, мемлекеттік сараптамадан өткізейік деп отырмыз. 42 үйдің құжаты дайындалып жатыр. 2025 жылға қарай 227 үй салынып, инфрақұрылымы жүргізіледі» дейді Семей қаласы сәулет басқармасының басшысы.
Шағын ауданда бассейн, кинозалы, балалар ойын алаңы бар 5600 орындық мәдени-сауықтыру кешені салынған. Жоба құны – 24 млрд теңге. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.
«Қарағайлы» ауданындағы «Арена» мәдени-сауықтыру кешені
Одан бөлек, әрқайсысы 1200 орындық 7 мектеп, 7 балабақша, 150 орындық сауықтыру кешені мен 500 орындық хоккей модулі сынды 17 әлеуметтік нысан салу жоспарда бар.
Шағын аудандағы құрылыс қарқынды
Құрылысты негізінен 2 мердігер салып жатыр: «Фирма Азия» ЖШС мен «ВостокСтрой» ЖШС. Құрылыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 2025 жылға дейін. Ал екінші кезеңде болашақ дәрігерлерге арнап 7 жатақхана мен академияның әкімшілік корпусын салу жоспарланған.
Қарқыны Қарағайлыдағыдай болмаса да, басқа аудандарда да құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, былтыр жеке инвесторлар қала орталығында 9 көпқабатты үй салса, биыл 10 үй бой көтермек. Бұның бәрі коммерциялық үйлер. Ал кезекте тұрғандарға баспана тек жаңа шағын аудан – Қарағайлыда салынып жатыр.
«2020 жылы 148 отбасы баспана алды, оның ішінде 78 көп балалы отбасы, 26 – жетім бала, мүгедектер мен толық емес 44 отбасы бар. Наурыз айында тағы 126 отбасы сатып алу құқығынсыз баспана алады, олардың ішінде 69-ы көп балалы отбасы, 25-і – жетім бала, 32-сі тұрмысы төмен отбасы» деп атап өтті Ардақ Исатаев.
Тұрғын үй басқармасының мәліметі бойынша, қазір қалада 11868 отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың ішінде 1638-і – жетім балалар, 756-ы – көп балалы отбасылар, 3920-ының тұрмысы төмен болса, 5000-на аса бюджет қызметкерлері бар.
Жұмысшылар жетіспейді
Қалада жұмыс күші жетіспейді. Семей жұмыспен қамту орталығының дерегі бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарында еңбек биржасына 912 адам тіркелсе, 2021 жылдың басында 1746 адам жұмыссыз ретінде есепке тұрған.
«Жыл басынан бері 1200 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 140 адам – әлеуметтік, 370 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. «Алғашқы жұмыс орным» мемлекеттік бағдарламасы пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба бойынша айлық жалақы – 20 АЕК, яғни 58340 теңгені құрайды. Келісім-шарт 2 жылға жасалады. Жобаға 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бірінші жылы жалақыны жұмыспен қамту орталығы төлеп отырады» дейді Семей қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ардақ Байсарина.
Ең қызығы, еліміздегі ең көне медициналық университет орналасқан қалада дәрігерлер мен провизорлар жетіспейді. Басты себеп – оқу бітірген соң мамандар өзге қалаға көшіп кетеді. Көбі айлығы жақсы жер іздейді.
«Медицина саласындағы мамандар көбінесе Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларына кетеді. Біздің мамандарға деген сұраныс жоғары. Ол жақтарда жағдай да жақсы, жалақы да жоғары. Қаладағы барлық дерлік кәсіпорын маман іздеп бізге хабарласады. Олардың арасында Цемент зауыты, Жылукомэнерго да бар. Айлық жалақы 60 мың теңгеден басталады. Ертіс бройлер фабрикасында да жұмысшы жетіспейді. Ол жаққа құс өсіретіндер, дәнеркерлеушілер қажет. Жалақы 100 мыңнан басталады, қанша жұмыс істегеніне байланысты алады. Қызметкерлерін тасып, бір уақыт ыстық тамақ береді» дейді Ардақ Байсарина.
Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп көбіне 45-50 жастағы кісілер келеді. Бұл жастағы адамдарға жұмыс табу қиындау.
Жаңа өндіріс орындары
Дегенмен, қалада жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Мәселен, жақында өнімінің 90 пайызын шетелге шығару жоспарланып отырған ірі май зауыты ашылмақ. Жоба құны – 12 млрд теңге. Кәсіпорын 238 адамды жұмыспен қамтиды.
Былтыр жаздан қаладағы ең көне кәсіпорынның бірі – 90 жылдық тарихы бар Семей тері өңдеу комбинатының бойына қан жүгірді.
Тері-терсек бүкіл облыстан жиналып, өңдеуге жіберіледі
Комбинат өніміне деген сұраныс жоғары
14 түрлі тері өнімі шығарылады
Полуфабрикат Қытайға жіберіледі
Комбинат кезінде осы бағыттағы жалғыз кәсіпорын болғанын айта кеткен жөн. Бұрынғы Семей облысындағы шикізат өңдеп, экспортқа шығаратын өндіріс комбинаттан басталған: ірі фабрикалар мен зауыттарға қажетті жүн мен тері өңделді.
90-жылдары комбинат жекенің қолына өтті. 1998 жылы «Семей тері өңдеу комбинаты» ЖШС тіркелді. 2008 жылы индустрияландыру картасы аясында қайта құрылымдау мен тері өндірісін жаңғырту басталды. Оған 25 млн АҚШ доллары қарастырылған еді. Бірақ 2012-2013 жылы банктің қаржыландыруды тоқтатуы салдарынан, өндіріс те тоқтап қалды. Завод ұзақ уақыт алыс-беріс шикізатымен жұмыс істеп келгенімен, банкке қарыз болып қалды. Сосын банкрот болды. Банк кепілдігінде мүлік Қазақстанның инвестициялық қоры қарамағына өтті.
Инвестициялық қор комбинат мүлкін жалға берген қазіргі инвесторлар «Semey Tannery» ЖШС өндіріске 260 млн теңгеден астам қаржы салды. Алты ай ішінде өндіріс көлемін айына 40 тоннадан 250 тоннаға дейін өсірді. Жартылай фабрикат пен дайын былғары шығарады. Өндірісте барлығы 95 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның жартылай фабрикат түріндегі өнімі Қытайға экспортталады, ал қазақстандық фабрикалар дайын былғары сатып алады. Болашақта өндіріс көлемін айына 500 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Компания басшылары бұл саланың болашағы бар екенін айтады. Алайда тері-былғары өндірісінің ел бойынша дауына кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселе бар. Соның ең бастысы – Қазақстан нарығын қытайлық аяқ киімдердің басып қалғаны.
Қаладағы түйткілді мәселелер мен баға
Семейдің қордаланып, шешімін таппай тұрған мәселелері жетерлік. Сапасыз жол, қаланың толық сумен қамтылмауы, қаланың сырт аймағындағы жабайы қоқыс алаңдары, қоғамдық көлік қызметі, көшеге жарықшам қойылмауы және дер кезінде тазаланбайтыны, сондай-ақ сапасыз құрылыс та бар.
Дулатов көшесі сол күйі жөндеу көрмеді. Қала шетіндегі жағдай да мәз емес, «Шығыс», «Восход» сынды қала аумағына кіретін ауыл тұрғындары биліктен жолдарын жөндеп, көшеге жарық орнатып, ауыз су жүргізіп, қосымша автобус маршруттарын шығаруды талап етіп келеді.
Жалпы семейліктер қаланы «үлкен ауыл» деп атайды. Әкімдік пен жекелеген шенеуніктердің жұмысына, оның ішінде бюджет қаражатын тиімді игеруге қатысты наразылығын да жиі білдіріп жатады.
Орталық саябақты жаңартуға бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Ал істелген жұмыс сапасы көңіл көншітпейді.
Десе де, жергілікті билік қала тұрғындарыныі түйткілді мәселелерін біртіндеп шешуге уәде беріп отыр. Мысалы, алдағы уақытта Восход, Восточный кенттеріне су құбырын жүргізу жоспарда бар. Қазіргі кезде ұзындығы 2,5 км магистралды желілер тартылып, су тартқышы салынып жатыр.
Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау және сұрыптау жүйесін енгізу жоспарланған. Жоба шеңберінде еуроконтейнерлер, жабық алаңдар, қайталама шикізатты қабылдау пункттері орнатылып, өнімділігі жылына 100 мың тонна болатын сұрыптау желісі салынады. Сонымен қатар, 2021 жылдың соңына дейін 136 көшеге жарықшам орнатылмақ.
Семейде азық-түлік пен киім бағасы Өскеменге қарағанда арзандау. Облыс орталығының тұрғындары, мәселен, баланы мектепке дайындау үшін осында келіп, базарлап қайтады.