Қазақстанда түрғын үй бағасы соңғы 20 жылда 14 есе өскен. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты мамандары ҚР-дағы тұрғын үй бағасының соңғы 20 жылдағы динамикасын бақылап, 2000-жылы жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі орта есеппен – 21 мың теңге, ал қайталама нарықта 8 мың теңге тұрғанын анықтаған.
Баға 2004 жылдан өсе бастаған, сол кезде жаңа тұрғын үй кешендерінде тұрғын үйдің шаршы метрі – 70 мың теңге, ал қайталама нарықта 40 мың теңгеге сатылды.
ҚазҚСҒЗИ мамандарының айтуынша, 2007 жылы баға күрт өскен: жаңа үйлердегі шаршы метрдің бағасы 161 мың теңгеге дейін көтеріліп, қайталама нарықтағы тұрғын үйлер де қымбаттап, 1 шаршы метрдің бағасы 136 мың теңге жетті.
Тұрғын үй бағасы екінші рет 2015 жылы қатты қымбаттаған. Сол жылдары жаңа баспананың 1 шаршы метрінің бағасы – 258 мың теңге болса, қайталама нарықтағы үй 1 шаршы метрі 190 мың теңгеге бағаланды.
Десе де, 2016-2018 жылдары қайталама нарықтағы баға біршама төмендегені байқалған. Бірақ жаңа салынғай үй бағасы қымбаттай берді.
Тұрғын үй бағасының үшінші рет күрт өсуі 2019 жылы тіркелген: қайталама нарықтағы баға 200 мың теңгеге дейін, ал жаңа үйлердікі 294 мың теңгеге дейін көтерілген. 2021 жылғы қаңтардағы дерек бойынша жаңа үйдің бір шаршы метрінің бағасы 319 мың теңгені, ал ескілеу үйлердікі 245 мың теңгені құрады.
Жылжымайтын мүлік сатып алуға деген дүрлікпе сұраныс пен әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты осы кезде құрылыс материалдары қатты қымбаттаған.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2004 жылы 2,6 миллион м2 пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш әр жыл сайын өсіп отырған. 2015 жылы 8,9 миллион м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің деректері бойынша бұл көрсеткіш рекордтық – 15,3 миллион м2-ге жетті. Құрылыстың қатты қарқын алуы мен әлемдік нарықтағы баға құрылыс материалдарының қымбаттауына әкелді. Бұл ретте жылжымайтын мүлікке деген дүрлікпе сұраныс жаңа үйлерде де, қайталама нарықта да тұрғын үйдің шаршы метрі құнының қатты қымбаттауына алып келді» деп түсіндіреді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Күлбаев.
Жүргізілген зерттеу деректеріне сәйкес, 2020 жылы көп пәтерлі тұрғын үй (КПТҮ) құрылысы үлесі бойынша мына мегаполистер көш бастап тұр: Нұр-Сұлтан – 33,5%, Алматы – 21,1%, Шымкент – 5,7%.
Өңірлердегі тұрғын үй құрысының үлесі мынадай: Маңғыстау облысы – 6,8%, Қарағанды облысы – 4,3%, Ақтөбе облысы – 4,1%, БҚО – 3,2%, Ақмола облысы – 2,9%, ШҚО – 2,9%, Қостанай облысы – 2,8%, Атырау облысы – 2,7%, Павлодар облысы – 2,3%, Түркістан облысы – 2,1%, Жамбыл облысы – 1,8%, Алматы облысы – 1,7%, СҚО – 1,6%, Қызылорда облысы – 0,4%.