Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөнінде атқарылып жатқан шаруаларды мәлім етті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Қазіргі уақытта елордада бағаны тұрақтандырудың екі схемасы жұмыс істейді:
– тұрақтандыру қорын қалыптастыру;
– айналым тетігі — сауда желілеріне пайызсыз жеңілдікпен несие беру, олар өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағасын ұстап тұруға міндеттеледі.
«Біз айналым схемасының механизміне көп көңіл бөлеміз. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Ол үстеме шығындарды азайтады, өнімнің бүлінуіне жол берілмейді, бұдан басқа, ол негізгі азық-түлік тауарлары бойынша тұтынушыларды барынша көп қамтуға мүмкіндік береді. Себебі бұл іске сауда желілері тартылған», – деп атап өтті Гүлмира Ермолдина.
Сөзін жалғай отырып, бағаларды тұрақтандыру үшін мынадай шаралар қабылданып жатқанын мәлім етті:
1. Қаланың базарлары мен сауда желілерімен кездесу өткізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін орнату туралы келісім орнатылды. Жалпы, бұл бағытта нарықты қамту шамамен 60%-ды құрайды.
2. Әкімдік өткізген комиссия отырысында күнбағыс майы (шекті бағасы — 647 тг/л) және тауық жұмыртқасының (шекті бағасы-469 тг/дес) шекті бағалары белгіленді.
3. Бағаны тұрақтандыру тетіктерінің бірі — жәрмеңкелер өткізу. Биыл дәстүр бойынша өңірлік жәрмеңкелер өткізуді жоспарлап отырмыз. Олар тамыз айында еліміздің барлық өңірлерінің фермерлерінің қатысуымен басталады.
4. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін жүйелі шешу үшін жылына 10 мың тонна өнім өндіретін, ауданы 52 га 3 көтерме-тарату орталығы мен 2 жылыжай кешенін салу үшін инвесторлар тартылды.
Жобаларды іске асыру мерзімі 2022-2023 жылдарға жоспарланып отыр, инвестициялардың жалпы көлемі 40 млрд теңгеден асады.
5. Сондай-ақ, «айналым тетігі» бойынша елорданың сауда желілерімен жұмыс жүргізілуде.