Коронавирусқа қарсы отандық вакцина қолданысқа қашан беріледі?

Жарияланды
Отандық вакцинаның сынақ мерзімі аяқталды

Коронавирусқа қарсы егілетін қазақстандық «QazVac» вакцинасының сынақ мерзімі аяқталуға жақын. Бұл туралы мамандар орталық коммуникациялар қызметінде өткен «QazVac» қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің аралық нәтижелері туралы» баспасөз жиынында мәлімдеді. 

ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, институт базасында бес платформа бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

«Инактивацияланған «QazVac» вакцинасы клиникалық сынағы үшінші фазасының 50 пайызы ертең, 15 сәуірде аяқталады. Вакцина сенімді. Дайындау технологиясымен тексерілген. Барлық компоненттері 60 жыл бойы зерттелген, сондықтан қауіпсіз. Вирустың өзі жаңа компонент болып саналады. Вирус химиялық жолмен инактивацияланған. Имундық реакцияны күшейту үшін оған алюминий тұзының адъюванты қосылады. Олар сенімді түрде гуморальды жасушалық иммунитетті тудырады. Сынақ кезінде еріктілердегі антиденелердің титрі вакцинаның алғашқы инъекциясы кезінде 16-дан 128-ге дейін, ал екінші инъекция кезінде 128-ден 2048-ге дейін болды. Деректер вакцинаның жоғары иммуностимуляциялық белсенділігін көрсетеді» дейді Күнсұлу Закарья. 

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, қазақстандық вакцина – клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңіне жеткен әлемдегі 14-ші вакцина. Барлығы тізімде 260-тан астам кандидат вакцина бар, олардың аз бөлігі ғана соңғы кезеңге жеткен. 

Қазақстандық вакцинаның тиімділігі бойынша нәтижелер халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған соң барып қолжетімді болмақ. 

«Үшінші фазаның 50 пайызы 15 сәуірде аяқталады. Бұдан соң 3000 еріктінің анализдері өңделеді. Сәйкесінше, үшінші фаза бойынша деректер әлі кең ауқымда ұсынылған жоқ» дейді білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов. 

Вице-министрдің сөзінше, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты клиникалық зерттеудің бірінші және екінші фазалары бойынша анализдерді өңдеу жөніндегі мәліметтерді дайындап, халықаралық басылымдарға жолдап қойған. 

«Өзге вакциналардың нәтижелері халықаралық беделді журналдарда жарияланған соң барып белгілі болды. Бұл жалпыға ортақ тәжірибе. Әуелі клиникалық зерттеулердің нәтижесі журналда жарияланады, сосын барып жалпы халыққа қолжетімді болады. Қазір біз резенциялардың аяқталуын күтіп отырмыз. Алты рецензент анықталды» деді Дәуленов. 

Ол сондай-ақ  биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жануарларға арналған COVID-19 вакцинасын жасаумен де айналысып жатқанын айтты. 

«Институт алдына жануарларға арналған COVID-19 вакцинасын жасау міндеті де қойылды. Біз жануарлардың да ауруды тасымалдауы ықтимал екенін білеміз. Олар адамдарға ауру жұқтырмас үшін ондай вакцина керек. Сондықтан институтқа осындай тапсырма жүктеліп отыр» дейді білім және ғылым министрлігінің өкілі. 

Соңғы тәуліктегі дерек бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 2229 жағдай тіркелген. Жалпы ел бойынша пандемия басталғалы 276 054 жағдай анықталып отыр. Инфекция жұқтыру деңгейі бойынша Алматы (42 899), Нұр-Сұлтан (36 792) қалалары және Шығыс Қазақстан облысы (23 397) алғашқы үштікке кіреді. Ең төменгі жағымды статистика Түркістан (4758), Маңғыстау (4766) және Қызылорда облыстарында (4490) тіркелген. 
1584 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Пандемия басталғаннан бері есептегенде 237 446 адам сауықты. 

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева вакцина жасаумен айналысып жатқан мамандар жалақысының көтерілетінін айтады. 

«Ғалымдардың жалақысын көтеру бойынша қаржы бөлінді. Бірер күн бұрын республикалық бюджет комиссиясының отырысы өтіп, олар аталған шараны қолдады. Институттағы ғылыми қызметкердің орташа жалақысы 325 мың теңгеден басталып, жоғарылайды. Әкімшілік және қызмет көрсету қызметкерлерінің жалақысы 250 мың теңгеге дейін. 2022-2024 жылдары институтқа елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерге 2,8 миллиард теңге бөлінді, шамамен жылына 1 млрд теңге. Сондай-ақ институт қызметкерлерінің баспана мәселесі де шешіледі» деді Құрманғалиева. 

Оның айтуынша, қазір институт жанында 180 пәтері бар қызметкерлерге арналған 3 үй салынып жатыр. Тұрмыстық техника, жиһаз және басқа да құрылғыларды сатып алу бойынша республикалық бюджеттен 293 млн теңге бөлінген. 

«Біздің ғалымдар мен қызметкерлер осы үйлерге орналасқан соң  жайлы өмір сүруге негіз болатын барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілетін болады» дейді ғылым комитетінің төрайымы. 

Мамандардың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес барлығы штаттық түрде өтіп жатыр. Алматы және Тараз қалаларында тиісті сертификаттары бар клиникаларда жұмыс жүргізілуде. Еріктілер дәрігерлерге денсаулығының жай-күйі туралы тұрақты түрде хабарлайды, клиникаларға келеді, оларды дәрігерлер бақылайды, вирусқа тән антиденелер мен бейтараптандыратын антиденелерді тексереді.

Айта кетейік, еріктілерге вакцина да, плацебо да салынды, яғни соқыр рандомизацияланған зерттеу қолданылады. Еріктінің өзі нақты вакцина немесе плацебо алғанын білмейді. Ажырату сәтіне дейін бұл деректер белгісіз болып қалады.
 

Сондай-ақ оқыңыз